Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  426


Автор: Аманжол Әлтаев

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН АЙНҰР ТҰРСЫНБАЕВА АЙТЫСЫ

Аманжол:
Қазағым, жаныңнан да арың биік,
Болмайды бойыңдағы қаның сұйық.
Бабалар тұлпар мініп, ел қорғаған,
Шашақты ақ найзаның сабын сүйіп.
Кешегі ер қазақтар атқа мінген,
Кісінеген күреңнің жалын түйіп.
Айтысқа келген бүгін ағайынға
Өлеңнің ұсынайын балын құйып.
Дүниеге тоқтау айтқан Қазақ елі,
Айтыс деген Алаштың ғажабы еді.
Төрт мұхиттың арасын жалғастырған
Қазақ елі әлемнің назары еді.
Оққа ұмтылып жатқанда өзге елдер,
Аман бол, баққа ұмтылған Қазақ жері!
Астында аспандағы ай-табақтың
Сал-серінің тағдырын қайталаппын.
Найманның қыздарымен айтысам деп,
Қырыққа толғанымды байқамаппын.
Бәрі де шыққан сайын жол сұрайды,
Біріне бермеймін деп айта алмаппын.
Керіліп, Айнұр сұлу, сөйле енді,
Күйме мінген қызындай бай-манаптың.
Ғасырдың басталғанда қос өрнегі,
Алаштың зиялылары өсем деді.
Қазақтың автономиясын жариялаған
Дәл бүгін Алашорда көсемдері.
Ол кезде біз қауқарсыз болатынбыз
Киіктің лағындай нөсердегі.
Дүние ақ, қызыл боп бүлінген соң,
Ұйытқымыз төгілді кеседегі.
Түбі бір тәуелсіздік аламыз деп,
Қайтпаған Әлиханның меселдері.
Алаштың көсемдеріне қойылса екен,
Астана, бір ескерткіш көшеңдегі.
Шыққанбыз екеуміз де ұлық белден,
Шыққанбыз қазақ деген ғұрыпты елден.
Алдыңда бағыт берген ағаң едім,
Қарындасқа сәлемін тұрып берген.
Аяулы Айнұр сұлу, самға енді
Аққу құсы ұшқандай тұнық көлден.
Аналар, көз тастасам даламызға,
Айналған жақсылардың бәрі аңызға.
Кешегі Томирис пен Зариналар
Билігін жүргізбеп пе ед даламызда.
Қазақтың мейірімі байқалады,
Қарасаң Домалақтай анамызға.
Қарқабаттай ананың әзиз жүзі
Сақталған ізгілікпен санамызда.
Қазақ деген ұлтымның ақылы бар
Төле, Әйтеке, Қазыбек бабамызда.
Тар құрсаулы заманнан шыға алмай,
Күңіреніп өтпеп пе ед Сара қыз да.
Кешегі Ләззат пенен Сәбиралар
Азаттық деп мерт болған қара мұзда.
Тәуелсіздік дегенің осы емес пе
Айнұрларды сайратқан даламызда?!
Айнұр:
Алла деп келдім тағы да,
Ауылыңнан шықсын асқақ ән.
Күн-анам, күліп көгімнен,
Шуақ-нұрыңды шаш маған.
Көк аспанымды жамылып,
Қара жер, сені жастанам.
Астан жұрты, армысың,
Тарихын терең тастаған.
Тәуелсіздіктің осындай
Думанды тойын бастаған.
Төрдегі қарт пен аман ба
Бесікте жатқан жас балаң?!
Алланың нұры аймалап,
Алтын тәж киген Астанам!
Абылай бабам ту тігіп,
Қолбасы болған Астанам.
Нұрлы жол салып Нұрағам
Жолбасы болған Астанам.
Тұлпарлардың да ішінде
Жорғасы болған Астанам.
Береке мен бірлікке
Жол басы болған Астанам.
Алты алашымның айбынды
Ордасы болған Астанам!
Алла деп қызың сөйлесе,
Сөзімнен халқым танысын.
Ұлбике менен Сараның
Мұра боп жеткен әні үшін.
Әлия менен Мәншүктің
Төгілген ел деп қаны үшін.
Әселхан менен Әсияның
Өлеңге құмар жаны үшін.
Жазира менен кешегі
Ләззаттардың ары үшін.
Алдыңа шықты Айнұр қыз,
Ұнаса жұртқа шабысым.
Жалғыз-ақ қорғап көрейін
Жаулықтылардың намысын.
Ағаға қатты сөйлесем,
Сағымыз біздің сынбай ма?
Бірлігін елдің жырласақ,
Түйсініп елім тыңдай ма?
Қадірін сөздің білетін
Аманжол, сіздей ұл қайда?
Екі күн бойы айқасып,
Бойдақтарменен шығып ем,
Көнбейді тіпті ыңғайға.
Қадірін қыздың білетін
Аманжол жақсы мұндайда.
Бағасын егер білмесең,
Бір демде ұшар бақ деген.
Мен сізді сыйлап жүрейін,
Күнде болмайды осындай
Тамаша, қызық сәт деген.
Қарындасың боп өзіңе,
Арнап кетейін тәтті өлең.
Ай маңдай менің ағамсыз,
Ниетім сізге ақ дер ем.
Дулығаң түссе басыңнан,
Иіліп жерден ап берем.
Аманжол:
Айнұржан, білінбесін ызғар үнім,
Өзіңді құлатпаспын құзға бүгін.
Алдыңдағы дәл мендей ер болмаса,
Жас бала білер деп пе ең қыз қадірін?!
Басына бірлікті елдің бақ келетін,
Осындай мейірленер шақ келетін.
Айтыстың аршындаған оғланына
Сызылған ақын қыздар тап беретін.
Өзіңдей ақын қыздар аман болсын
Дулығамды көтеріп ап беретін.
Аманжол сөз асылын мүсіндесін,
Білемін қарындастың кішірмесін.
Өзіңе сөз саптайын, Айнұр қалқа,
Ару деген затыңды түсінгесін.
Ешқашанда бір Алла қазағымның
Басынан дулығасын түсірмесін.
Тұлпарға тұмар тақтырған,
Атанға кілем жаптырған.
Шуға кеп көшін тоқтатып,
Алтыннан қазық қақтырған,
Қазақтың басын құраған,
Қарашасына ұнаған,
Тәуелсіз хандық құрам деп,
Алладан медет сұраған,
Азаттық десем, Керей мен
Жәнібек еске түседі.
Келсе де небір ақтабан,
Қазақты Құдай сақтаған.
Абылайдайын еріммен
Тәуелсіз күнде мақтанам.
Батыры елді қорғаған,
Билері сөзін жолдаған
Үш жүздің құрап бастарын,
Жамандық ісі болмаған,
Азаттық десе, кешегі
Абылай еске түседі.
«Ереуіл атқа ер салған,
Егеулі найза қолға алған»,
Есілер жерде есілген,
Көсілер жерде көсілген,
Қаймана қазақ қамы үшін
Әзіз де басы кесілген
Исатай, Махамбеттерді
Шығарам қайтіп есімнен?!
Артына әскер жиылған,
Соққысын берген қиырдан,
Шегірмен он жыл соғысып,
Қорға деп жерді бұйырған,
Азаттық десе, кешегі
Хан Кене еске түседі.
Алашым менің, Алашым,
Бел буып алға барасың.
Әлихан, Ахметтердің
Төмендетпейік бағасын.
Мағжандай ақын наркескен
Толғаған заман жарасын.
Алаштың ардақ ұлдарын
Еске алмай қалай қаласың?!
Желтоқсандағы жаңғырық
Болуы әбден заңдылық,
Еріңді тақтан тайдырып,
Келгенде Колбин қаңғырып.
Отанды сонда боздатты-ау,
Алыстан әскер алдырып.
Қазағым барда өшпейді
Желтоқсандағы жаңғырық.
Жайыма келсем бүгінгі,
Естірттің, қазақ, үніңді.
Көк күмбезіңді көтеріп,
Көк байрағымыз тігілді.
Қадірін елдің білгізген,
Қазаққа тұлпар мінгізген,
ЕҚЫҰ-ның тағына
Қазақстанды мінгізген,
Ақордасына қазақтың
Елу алты елдің басшысын
Сәлемін алып кіргізген.
Моңғолия, Қытай, Иранға
Шашырап кеткен қазақтың
Бастарын қосып жинаған,
Атамекенге ап келіп,
Басына орда сыйлаған.
Жүз отыз елді бөлмеген,
Тәуелсіз күнде өрлеген
Нұрсұлтан сынды ерім бар.
Осындай ерді баптаған,
Бірлігін әсте сақтаған,
Алдымда отырған осынау
Қазақтай қайсар елім бар.
Назарда болсын жеріміз,
Бірлікте болсын еліміз,
Ендігі тілек, Нұраға,
Көркейтіп тілді беріңіз!
Өзіңе үміт артады
Қазақтай асыл еліңіз.
Ел-жұртың еді ойыңыз,
Биіктей берсін бойымыз.
Халықтан ақша тонаған
Жемқордың бәрін жойыңыз.
Бәрін айт та, бірін айт,
Баянды болсын бүгінгі
Азаттық деген тойымыз.
Айнұр:
Елбасы жайлы негізі
Менің де ойым осы еді.
Патшаға қарсы шықпа деп,
Қасиетті Құран кітапта
Жазылып кеткен деседі.
Аллаға қарсы шықпайтын
Мұсылмандығым осы еді.
Бүкіл жұртының шешені,
Түркі жұртының көсемі,
Күлтегіндей көшелі,
Сақ бабаларым киінген
Саф алтындардың кесегі.
Ауызын ашса ақыл мен
Парасат желі еседі.
Еуропа түгіл, әлемнің
Есін шығарған есебі.
Елбасысы бар осындай
Елімнің бағы бес елі.
Жақсылығымды айтайын,
Ақындық сондай қасиет.
Тәуелсіздіктің жолында
Ерлердің кеткен басы көп.
Исатай менен Махамбет
Нарын құмдағы асыл ед.
Амангелді мен Бекболат
Ақ патша мысын басып ед.
Әлихан, Ахмет, Міржақып
Тәуелсіздікке ғашық ед.
Мұстафаның да Парижде
Елім деп аққан жасы көп.
Солардың соңғы сарқыты
Қайратым қандай жасын ед?!
Негізі біздің қазақтың
Тарихы сондай қасірет.
Субхан Алла, тілегім,
Нұрыңды бізге шашып өт!
Азат та ғажап өмірді
Қазаққа мәңгі нәсіп ет!
Төккен тер мен еңбектің
Табымен келген еркіндік.
«Отыз жетіде» ананың
Зарымен келген еркіндік.
Желтоқсанның алғашқы
Желімен келген еркіндік.
Қайраттай қайсар баланың
Қанымен келген еркіндік.
Жазира менен Ләззаттың
Арымен келген еркіндік.
Шәмшідей асыл ағаның
Әнімен келген еркіндік.
Аманжол ағам сен едің
Ай маңдайлы айбарлым.
Үш жыл бойы айтысқа
Сен шықпай қойдың, ағатай,
Мен оған біраз ойландым.
Тиісуші едім бұрын да,
Еркелікті негізі
Баяғыда қойғанмын.
Аға деп бүгін құрметпен
Жолымды беріп кетейін,
Атасы сол ғой ойлардың.
Уақытша дейді дүние,
Жүлдеге әбден тойғанмын.
Айтыстан қалмай, Аманжол,
Төрінде жүрші тойлардың!
Дағдарыс келген екен деп,
Дағдарып қалған ел ме едің?!
Еуропа шулап жатыр ғой,
Қаржы деп айтып сенгенім.
Қазақстанда бірақ та
Күнде той болып жатыр ғой,
Ақын мен әнші ермегің.
Қадірі кете қойған жоқ
Біздің халықта теңгенің.
Көк байрақтағы қырандай
Қияға қанат сермедің.
Еселеп Алла қайтарсын
Елбасымыздың еңбегін.
Халқыма мәңгі жар болсын
Тек қана көкте Тәңірі.
Халқыма қиын болмасын
Заманның қиын нарығы.
Төрде отырған көкелер,
Үзілмей жұрттың тамыры,
Ісіңді Хаққа тапсырып,
Халқыңа жаса жақсылық,
Халықтың болса сабыры,
Ханның да кетпес қадірі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу