Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  263


Автор: Аманжол Әлтаев

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН САРА ТОҚТАМЫСОВА АЙТЫСЫ

Аманжол:
Дүние дөңгеленген шыр айнала,
Жеткізбес құстан туған құмайға да.
Алла деп алдыңызға шықтым бүгін,
Бөркімді қайта киіп мың ойлана.
«Ақжол!» деп аттың басын босатайын,
Ал енді кеудеңді тос, ұмай дала.
Қалың елім, қазағым, аманбысың,
Кеңпейіл ғып жаратқан құдай дара.
Бабамның таңбасындай тасқа салған,
Ақынға ғұмыры ұзақ дастан арман.
Қазақты талай мәрте сынға салып,
Қабағың енді ашылды, қасқа жалған.
Ақтабан шұбырынды ел есінде
Қайғыртып жанарыңды жасқа малған.
Кешегі отыз екі, отыз жеті,
Ол да нәубет еді ғой басқа салған.
Тағдырдың төлеміндей азаттығым,
Сан ғасыр аңсап күткен асқақ арман.
Тәуелсіздік мерекең құтты болсын,
Әз халқым, бақ құс боп басқа қонған!
Көргенде ел-жұртымды сай манатты,
Кеудемнен жыр-бұлағым қайнап ақты.
Бір Алла басқа салса кім көнбеген,
Бұл тағдыр табанымды тайғанатты.
Шықпадым үш жыл бойы айтысуға,
Айрылып аруымнан ай қабақты.
Ер халқым, саған деген сағынышым
Кеудеме өлең отын қайта жақты.
Үкілі домбырамды қолыма алып,
Атыма қайта міндім ай қанатты.
Еншілеп қазағымның сөз ғаламын,
Заманның сыры болды қозғағаным.
Хош келдің, алтын сандық ақын Сара,
Өзгеден бұрын басқан өз қадамын.
Ұлы Абай соқпақ салған жерде туып,
Өнердің сарайына сөз қаладың.
Еркелеп ұлан басып жүруші едің
Жүрегін жаулап талай бозбаланың.
Саханада ағалап айтысқанда
Жадырап кетуші еді көз-қабағың.
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Армысың, ақын қызы боз даланың.
Ақ отау тігілген соң арман белге,
Сара қыз, сыңар болдың тарланды ерге.
Жәннатты Жетісуға келін бопсың,
Сүйінбай, Жамбыл соқпақ салған жерге.
Сол елдің ақ жаулықты анасы бол,
Жарқырап бағың жансын барған жерде.
Сара:
Бісміллә деп сөз бастар
Бір Алланың құлымын.
Амандасайын ел-жұртқа
Көрсетіп әдеп ұғымын.
Жақсы мен жайсаң маңайым,
Армысың, азат ағайын.
Ұсынайын сіздерге
Жеміс тойдың сығымын,
Жырымның балдай шырынын.
Сөйлер сөзге келгенде
Сіркіреп жауған жаңбырдай
Жырауларымның жырымын.
Мұңданып кетсем егер де
Шашырап жүрген қазақты
Мүйізіндей бұғының
Қосамын деп басын бір жерге
Өтіп те кеткен ілгерде
Бабаларымның мұңымын.
Нәзіктігімді байқасаң,
Тарбағатай төсінің
Тербеліп өскен гүлімін.
Қайсарлығымды байқасаң,
Қазақтың берен мірімін.
Елестетейін кешегі
Кенесары бабамның
Жер қайысқан дүбірін.
Еркелігім байқалса
Ен далаңда көсілген
Құлындарыңның бірімін.
Сөйлейтін болсам арындап,
Қолына алып құрығын
Үйреткен жан ем елірген,
Жүйрікпін деп тебінген
Үйірдің асау күлігін.
Ендеше жырым тасқында,
Көк аспанның астында
Көрсетіп ойдың білігін,
Ағайын, сенің алдыңда
Нешеме жырау өтпеді
Өлеңмен өріп ғұмырын:
Дулат, Көдек, Шортанбай,
Абыл, Ақтан, Сүгірім.
Солардай елге берейін
Жырымның қалқып тұнығын.
Жырламай қалай тұрмақпын,
Еркін елім, өзіңнің
Биіктеп жатса тұғырың.
Тіліммен шоқты көсетіп,
Азаттығымды паш етіп,
Астана жұрттың алдында
Асқақтап сөйлер ұлы күн.
Сағынып елді келгенде
Қозғайын ойды орамды.
Айтысым – қазақ дәстүрі
Сақтаған салт пен жораңды.
Ақтарайыншы халқыма
Көкейде жүрген мол әнді.
Екі жыл бойы бұл айтыс
Экраныңнан жоғалды.
Есесіне кәріс пен
Түріктің сериалдары
Төскейге шауып, төр алды.
Санасын ұлттың жаулаған,
Арам шөп құсап қаулаған
Көгілдір көк жәшіктен
Баянсыз бағдарламалар
Кетпейтұғын боп алды.
Ұлттық рухымыз әлсіреп,
Құндылығымыз тоналды.
Қазақи өркен керек қой
Көтеру үшін қоғамды.
Көңілі елдің тасынып,
Айтысым қайта ашылып,
Елордамнын төрінде
Жақсылыққа жол алды.
Жүрсін ағамыз қолға алып,
Жасады қайта жобаңды.
Қуанышты күн болып тұр,
Қос тойың қатар келіпті,
Ал қызықтаңдар, халайық,
Қиқулап қанды сонарды.
Қарсы алыңдар, ағайын,
Тамсаныңдар, ағайын,
Қыздыруға додаңды
Айтыспен қоса алдыңа
Аманжолдарың оралды.
Күңіреніп қалың еліңе,
Аманжол аға, жабықтың.
Аруыңнан айрылып,
Қайғыға түсіп қамықтың.
Аллаға сабыр қылсаңыз
Алдыңнан атар жарық күн.
Біз түгілі, ағатай,
Кешегі өткен Пайғамбар
Бір намазда алмап па еді
Отыз ұлын Дәуіттің.
Бір Алла сізге дем берсін,
Жырымды мен де ағыттым.
Сахнаға шығып қайтадан
Тектілігіңді таныттың.
Қайтадан келдің ту ұстап,
Тұлпарын мініп шабыттың.
Еңкейген қария болғанша,
Ақтық деміңіз қалғанша
Еңсеңді тіктеп жүре бер
Еркесі болып халықтың.
Қыздырып елді кетейін
Қызынып сөйлер жерде мен,
Жандырып өлең айтайын,
Қандырып жырмен қайтайын
Халықты мынау шөлдеген.
Желтоқсанның айында,
Тәуелсіздіктің тойында
Тартынып қалам мен неден?!
Басшы ағаларым кеп қапты
Айтысқа алғаш төрлеген.
Босатайын бір алдымды
Құлагер жырды кер дөнен.
Тұлпарын мініп ту алған,
Семсерін сертке суарған,
Қайыспас қайсар халықпыз
Еңбекпен ғана ерлеген.
Тағдырдың тайғақ жолында
Тауқыметің жоқ көрмеген.
Көкбөрі емген көкжал ел
Намысты қолдан бермеген.
Қызыл өкімет тұсында,
Дұшпанның басып мысын да,
Ұрандап алға өрлеген,
Ақыны дауда терлеген,
Батыры жауда терлеген.
Аңқаулығың бір бөлек,
Дархандығың бір бөлек
Қонақты қақпас кеудеден.
Жеті қат жердің үстінде
Қазақтай халық кемде-кем.
Тарихтың тарау бетінде
Атағың қалар өлмеген,
Бесігін қоңыр тербеген
Біздей-ақ болсын ел деген.
Өзгеге есе бермейтін
Өлең мен жырға сағамын.
Жағдайымды сұраған
Ықыласын-ай ағаның.
Ендеше құлақ түріңіз,
Сөзіңе айтар жауабым:
Аңсап кеп едім алыстан
Есілдің ерке самалын.
Қыста да өрік гүлдейтін,
Суық дегенді білмейтін
Артқа тастап жетіп ем
Жетісуымның алабын.
Аралап кеше жүргенде
Әсем жерлерін қаланың
Әсер етті ме, білмеймін,
Ауысқаны ауаның,
Сәл суығына Арқаның
Ауырып қалды тамағым.
Алақаныңда аялар
Қолына жылу сыйлашы
Жаураған мына Сараның.
Басқаша дәрі аңсамай,
Ендеше бүгін мен солай
Елімнің барлық шипасын
Елімнен ғана табамын.
Аманжол:
Сара қыз, өнердегі нарқың биік,
Өзіңді еркелеткен халқың сүйіп.
Тіліңнен қаймақ өлең сорғаласын,
Тамырдан сүт шыққандай алқымға иіп.
Сыртыңнан қалың алаш елеңдейтін,
Көргендей құба жоннан алтын киік.
Алматының намысын қорғап келдің,
Бағалап қайын жұрттың халқын биік.
«Астана салқын екен» деп қоясың,
Ойыңның жасырмастан артын түйіп.
Ерке-тотай келіні Шапыраштының
Шілдеде де ауырар салқын тиіп.
Қыз едің қырық белден бағаң жеткен,
Текті еді сені туған анаң неткен.
Төркіндеп Сарыарқаға келіп тұрсың,
Қуанып жүрегің жаз, санаң көктем.
Үлкен Саммит өткізіп кеше ғана
Төрт құрлықтың төріне бағам жеткен.
Талай елдің ханымы келді сонда
Алыс-алыс жерлерден табан жеткен.
Немістің сары алтындай Канцлері
Салқын тимей еліне аман кеткен.
Кермаралдай керімі Клинтонның
Ол да бізден жоқ еді жаман кеткен.
Оймақтай ауызыңа кіріп алып,
Апыр-ау, қандай салқын саған жеткен?


Даланың перзентімін қыр баптаған,
Қараша қоңыр үйде құндақтаған.
Парсының кілемінен бағалырақ
Анам басқан текемет, сырмақ маған.
Эмираттың көргенмін ыстық қысын
Қаңтарда да арқаңды күн қақтаған.
Европаның көргенмін ауа райын
Жаңбыр жауып жоныңды құрғатпаған.
Бораны да ерекше туған жердің,
Бұл менің сөзім емес құр мақтаған.
Жұмақ табиғатынан өзге елдің
Астанамның аязы қымбат маған.


Толағай тау теңселер қарқынынан,
Өлеңім – көкте самғар жалқы қыран.
Абыз айтқан алты ауыз сөз бағалы
Жемқордың жарты сандық алтынынан.
Саясаттың ызғары соққан сәтте
Айрылған қазақ талай мәрт ұлынан.
Отыз екі, отыз жеті қырғынында
Халқымның жас кеппеген алқымынан.
Табиғаттың салқыны ештеңе емес,
Сақтасын саясаттың салқынынан.
Шатқалдарда қызарып шие бірден,
Жазбен бірге береке-кие кірген.
Қазақтың көшу салты керемет қой
Адамға салт-дәстүрін сүйе білген.
Қара Ертісті жағалай көшеді екен
Найманның қыз-келіні бие мінген.
Ақ шолпы, зерлі қамзол, бүрме көйлек,
Басында кәмшат бөрік күле киген.
Солардың артындағы бір қыз едің,
Ағытылып көр енді тиегіңнен.
Сара қыз, сонша қатты шайқалдың ғой
Түрікменнің қызындай түйе мінген.
Артыңда Шыңғыстаудай қырат қалып,
Қыз дәурен кетті-ау сені жыраққа алып.
Осы сәт екі айналып келе қоймас,
Туса да алтын нұрмен күн апталып.
Қыз кезіңде жарасып айтысушы ем,
Сәбиді тербеткендей тымаққа алып.
Аққу құстай кеп қондың Жетісуға,
Алатаудың баласы ұнап қалып.
Шапыраштының келіні, шайқалам деп
Түйеңізден жүрмеңіз құлап қалып.
«Ақжол» деп атқа мінген алып белден,
Сапарлас ағаң едім бағыт берген.
Алаштың қоңыраулы сұңқары едім
Өнерге қос қанатын қағып келген.
Есілдің арнасы боп қарсы алайын,
Жетісу өзің болсаң ағып келген.
Алатаудың келіні, сөйле енді
Айтыста көкірегін шабыт керген.
Аяулы Алматының жайы қалай
Азаттықтың шырағын жағып берген?


Сара:
Екпінімізді сөз қылдың
Еркелеп едім еліңде.
«Шапыраштының келіні,
Шайқаламын деп түйеңнен
Құлап түспе» дедің бе?
Бүйректен сирақ шығарған,
Түйелі сұлу жоқ деп пе ең
Қалың Найманның елінде?
Құлап қап жатсам түйеден,
Ағатай, сізге сүйенем.
Қағып алатын Сараны
Өзіңіз барсыз тегінде.
Сүйеушім бол деп көмекке
Шақырып жатсам ерінбе.
Сарыарқамыздың белінде,
Елордамыздың жерінде
Шайқалып өлең шырқаған
Арманым жоқ-ау менің де.
Аманжол ағам қасымда,
Арқалы жұртым осында,
Тербеліп сөйлер күн бүгін
Тәуелсіз елдің төрінде.
Толғаған бір қыз едім жұртым жайлы,
Жұртымен ақын қалай құлпырмайды?!
Ағатай, сенің айтқан әр сөзіңді
Сара қыз деп ойлама құр тыңдайды.
Шілдеде салқын тиіп ауырад деп
Шапырашты келініне бұрқылдайды.
Керілген, кербез келіншек емес едік,
Ойлаған келін едім ғұрпым жайлы.
Суықтан қашасың деп сөгесіз-ау,
Шабытым қалай оған бұлқынбайды?
Семейдің аязына шыдаған қыз
Анау-мынау суыққа қымсынбайды.
Жанымды жылы ұстайтын ару едім,
Жылусыз жанарыма сыр тұнбайды.
«Қыз дегенің – болашақ ана» деген
Әжеміздің нақылы ұмытылмайды.
Кіндігі ашық-тесік арулар көп,
Батыс жаққа еліктеп жыртыңдайды.
Ашық-шашық соларды көрген кезде
Намысың қалай ғана қырқылмайды?
Европаның келіні жаулық салмай,
Жетпісте де қыз болып жылтыңдайды.
Оларға таңғалатын түгі де жоқ,
Сол нәубет біздің де елде бұлтын жайды.
Бала кезден әдетім жылы жүру,
Толғанып ұрпақ жайлы, ұлтым жайлы.
Бойын жылы ұстамаған арулардан
Ел-жұртын жылытатын ұл тумайды.
Айтыста тарта сілтеп адырнаны
Аманжол ағатайым арындады,
Алматының бүгінгі жағдайын
Сарадан сұрамадың жаныңдағы.
Аз-ақ күннің ішінде жүзеге аспақ
Азиаданың алауы жалындауы.
Естен кетпес қызыққа куә қылмақ
Алатау мен Медеудің қалың қары.
Қыстық ойын түрінен қазағымның
Белгілі алтын медаль сағынғаны.
Былтыр да Ванкуверде жалғыз қыздан
Басқа ешкім жүлделі алқа тағынбады.
Спорт сүйер күтуде ел бәсекені
Қызбалығы оянып қанындағы.
Бірақ та бір жағдайға көңіл толмай,
Тынысымыз тағы да тарылғаны.
Аспан асты елінде асқақтатып тұр
Аспан көз ағайынның сары ұлдары.
Шетелден спортшыны алдыртамыз
Шарықтаған қыздай боп қалың малы.
Ал соған дамытса ғой ел спортын,
Сөзіме қосыларсың бәрің-дағы.
Ол үшін ең алдымен ағаларым
Жастарды көтерсе екен ауылдағы.
Тау көтерер Толағай, Қажымұқандар
Ауылдан мүмкін емес табылмауы.
Тек қана қу жоқшылық қол байлайды,
Жүрегіңнің осыған ауырғаны.
Қайсарлығы оянып қанындағы,
Тектілігі туласа тамырдағы
Намысты қолдан оңай беред деп пе ең
Бекзаттың соңындағы бауырлары.
Сенім артып отырмыз халық болып
Азиада жарысынан ағымдағы.
Көк байрақты көгімде желбіретсін
Қазақтың наркескендей нар ұлдары.
Қапы қалып кетуі мүмкін емес
Қажымұқанды туған ел қабырғалы.
Аманжол:
Тұмарлап топқа қосып күреңімді,
Дүбірде елеңдеттім дүр елімді.
Түйеңнен сен құласаң, қарап тұрмай,
Тосармын құс жастықтай білегімді.
Қайтадан боз інгенге мінгізермін,
Сара қыз, нұрландырып реңіңді.
Сол сәтте қожайының көріп қойып,
Ауыртып жүрмесе екен жүрегіңді.
Жеткізіп Жетісуға жыр манатын,
Желдірткен жампоз бабам қырдан атын.
Сараға бас бостандық алып берген
Адамзаттың дүлдүлі-ау Біржан ақын.
Қосағың қоқан-лоқы жасамасын,
Қыз көтеріп тұрғанда қырдан ақын.
Жиенқұлдың әдеті бар еді ғой
Біржаннан Сара қызды қызғанатын.
Бұрымың білегіме тигені үшін
Сынып қалып жүрмесін бір қанатың.
Ертеңіңді, ерке қыз, ойлай отыр,
Ауылдағы адамбыз біз қалатын.
Бойдағы жылуыңның құнын біліп,
Сара қыз, сөз сөйледің түйін қылып.
Ашық-тесік келбеті арулардың
Көңілді тұрғаны рас күйіндіріп.
Шығысымның шырайлы сұлуларын
Европа барады-ау иілдіріп.
Ұятты ана мұратты ұл туады
Темекіні тартпаса тыйым қылып.
Өзімізде ештеңе тікпеген соң
Түркия, Қытай жатыр киіндіріп.
Қасқа сиыр терісі тулақ болды
Құрым тон тікпеген соң иін біліп.
Қара бұйра жүнін де қара қойдың
Кәдеге жаратпадық бұйым қылып.
Шикізатпен алысқа бара алмаймыз,
Өңдеуді қолға алмасақ тиімді қып.
Мұнай менен темірің біткен күні
Шетке неңді сатасың тиын қылып?
Өнеркәсіп дамыған ел болайық,
Әлемді бар жағынан сүйіндіріп.
Азиада өткізсек қамдап анық,
Ұл мен қыз жүлде алсын Алла бағып.
Біздегі спорттың бар салалары
Бірден өсіп жатқан жоқ арналанып.
Велоспортты дамыттық деп айтамыз
Шетелдің жүйріктерін жалдап алып.
Кантадорға бес милион доллар берген
Қазақтай қолы ашық бар ма халық?
Кешегі мерген халық біз емес пе ек,
Құралайды көзге атқан таңдап алып.
Мергендердің ішінде бір қазақ жоқ,
Қалай біреу шықпайды қанға дарып?
Қазақтың қара ұлдары базарда жүр,
Қаңтарда алақанын арба қарып.
Топқа қосар ұлыңды боққа салмай,
Өзіңді-өзің сыйлай біл, арда халық.
Қазтуған болмасам да, Асан қайғы,
Ақын боп ақиқатпен ашам жайды.
Не себепті ауылдың спортына
Көңіл толар қамқорлық жасалмайды?
Спорт залы, бапкері болмаған соң
Үлкен спорт есігін аша алмайды.
Жүлде алатын жігіттер ауылдағы
Жұптасып жылқы ұрлаудан аса алмайды.
Қазақтың тебірентер көші мені,
Керуен боп кең далада көшіп еді.
Қазақстанда болғаны Азиаданың,
Әрине, мерейіңді өсіреді.
Таңдаулы Азияның жүйріктері
Астана-Алматыда көсіледі.
Алшаңдап Азияның көшін баста,
Дүниенің Қазақ деген есіл елі!
Сара:
Аманжол аға, құласам
Үстінен бүгін түйенің,
Білегімнен ұстап қап
Кеп отыр мені сүйегің.
Бірақ та неге қорқасыз:
«Қызғанбай ма, – деп, – күйеуің?»
Қуанбай ма ол қайта
Сынбай қайтқанға сүйегім.
Сіз менің жақын ағамсыз
Сарадай қарындасыңның
Тілеп жүретін тілеуін.
Тірегі болған талайдың
Бірегей ұлдың бірі едің.
Қожайынымыз қызғанбас,
Өйткені оны сүйемін.
Сарадай ақын жарының
Амандығын тілейді,
Мен оның сырын білемін.
Жиенқұлдай болса егер
Жер-жерді кезіп, айтшы өзің,
Қалайша еркін жүремін?
Білекте тұрған түк те жоқ,
Күйеудікі ғой жүрегім.
Күйеуден бұрын өзіңіз
Шөктіре алмай түйемді
Қашып кетпесін реңің.
Бәрін айт та бірін айт,
Халық қой менің тірегім.
Құлата қоймас бір қызын
Қазақтай қамқор ұлы елім.
Төріңе келіп төгілген
Жұлдыздарыңдай көрінген
Ақындарыңнан жыр қалсын.
Ағайын, енді қолдасаң,
Тебіреніп толғасам
Еміреніп тыңдарсың.
Ұлы күніміз келгенде,
Күмбірлеп өлең кеудемде,
Жақсы істер ғана жырлансын.
Самидтан кейін боп тұрған
Бүгінгі айтыста сыр бар шын.
Меймандар келіп әр елден,
Атағың асып әлемнен,
Сарыарқаның төрінде
Салтанат, елім, құрғансың.
Желбіреп көкке байрағың,
Асқақтап, елім, айбарың,
Естілді тағы үн-даусың.
Арманыңды айтып құраған
Намысы биік Нұрағам,
Қонақтарыңның алдында
Қасқайып сөйлеп тұрғансың.
Қазақтың көшін бастаған
Қайталанбайтын тұлғамсың.
Еліңді төрге жетелеп,
Беліңді бекем буғансың.
Аз емес көрген азабың,
Төзімнен туған қазағым,
Талайлар сенен үлгі алсын.
Бұлыңғыр елдің өткені,
Кезеңнен өттің өтпелі,
Кемшілік болса кешіріп,
Кеңшілік болса көсіліп
Шүкіршілік қылғансың.
Тыныштық кетпей жерімнен,
Ырыс-құт кетпей елімнен,
Ұрпағың өсіп шыңдалсын.
Бар ошағымыз бүтін боп,
Болашағымыз нұрлансын!
Феодализимде мал бағып,
Коммунизмге алданып,
Сексенінші жылдары
Сергелдең болдың сандалып.
Ана тіліңде ұл-қызың
Амандасуға арланып
Жүргенде жетті Желтоқсан
Азаттық дейтін таңды алып.
Таратып ауыл шаруаны,
Қалаға келдің жан бағып.
Сауда да жасап үйрендің
Батыс пенен Шығыстың
Тұрмысына таңғалып.
Үй салып, малыңды бақты
Өзбек пен қырғыз жалданып.
Кредитке міндің мәшине
Қарыздың көші қанданып.
Жеріңнің майлы жілігін
Инвесторлар жалға алып,
Сорып жатса да отырдың
Егемендікке тәуба қып.
Ал бүгін, алаш арысым,
Оянып рухың, намысың,
Көшіңнің бетін түзедің
Заманның жайын аңғарып.
Бар ұлтты басқан бауырға
Иманы бойда бар халық,
Ғасырдың өзі шыңдаған
Болашағы зор халық,
Күллі әлемнің көгіне
Қыран боп ұштың қамданып,
Төрткүл дүние танитын
Қазақ боп отсың паңданып.
Екеуіміз осы айтыстың
Кіргізсек, аға, көркін тек.
Әдемі тілек айттың ғой
Арқаға кеп ем төркіндеп.
Тұғырлы тәуелсіздіктің
Жетпісін көрсек желпілдеп.
Сіз де жүріңіз сол тойда
Сексеннен асып селкілдеп.
Бізде жүрейік, иншалла,
Жетпіске келіп желкілдеп.
Сарыарқаның төрінде
Сіз қария мен кемпір боп.
Көрініп үкі, бөркің тек,
Менің де жүзім мөлтілдеп.
Отырайық сіз екеуіміз
Егеменді елде еркіндеп.
Аманжол:
Күлімдеп қарап қойып қара көзбен,
Қара қыз, тербелесің дара сөзбен.
Түйеңіз түкірінсе қашып кетер
Бос тақымың мен емес қалада өскен.
Қой бағып, жылқы жайып, асау міндім,
Төрт түлікке жақынмын бала кезден.
Бабамның «Нар идірген» күйін тартып,
Түйеңді шөктірермін дала кезген.
Құбылған сөздеріңе қайран қалдым,
Шетіне тіремесін айлаң жардың.
Төркінің берген түйе болса-дағы,
Саражан, мына шындық жайды аңғарғын.
Түйесі мен биесі жуас келер
Қыздары асау болғанмен Наймандардың.
«Биссмиллә» деп сипасам шөге қалар
Сүйікті түлігі ғой Пайғамбардың.
Заманның төзген талай ауырына,
Құламаған халықпыз дауылына.
Жетпіс жыл мойнымызға мінді Мәскеу,
Арқамыздың қарамай жауырына.
Қазаққа артық ақша жұмсатпайтын,
«Тарыны өлшеп беріп тауығыңа».
Бір ғимарат тұрғызсаң рұқсатсыз,
Мәскеудің шоқ түсетін сауырына.
«Сүтті сиыр» секілді болатынбыз
Қолайлы Кремльдің саууына.
Тәуелсіздік алған соң Қазақ елі
Бақ қонды дала менен тау ұлына.
Қазақтың Нұрсұлтаны көшті бастап,
Бел будық үлкен істің ауырына.
Әлем таңғалатындай қала салдық
Киелі Сарыарқаның бауырына.
ОБСЕ-ге төраға болдық, міне,
Европа бас иіп қарымыма.
Елу елдің өкілі қатар келіп,
Көңілі толып қайтты ауылыма.
Бар әлемге төрелік айта білген
Қазақтың бірлік берсін қауымына.
Тарихтан айтар болсам мұнар аңыз,
Талай-талай шерленіп жылағамыз.
Ақтабан шұбырындыда «Елім-айлап»,
Көздің жасын көл қылып бұлағамыз.
Хан Кене арпалысып мерт болғанда
Алладан азаттықты сұрағамыз.
Отыз екі, отыз жеті нәубетінде
Геноцидке айналып сұлағамыз.
Кешегі сексен алты ызғарында
Топырлап мұз үстіне құлағамыз.
Мың тәубе, тәуелсіздік алғаннан соң
Оңаша көтерілді мұнарамыз.
Он ғасырға бергісіз он тоғыз жыл,
Біз сенен қуат, жігер, нұр аламыз.
Ынтымақтың отаны Қазақ елі,
Ең үлкен сол емес пе сыбағамыз.
Тәуелсіз мемлекет құрып берген
Елбасы аман болсын Нұрағамыз.
Азаттықтың ақ жолы – сенетін жол,
Әлемнің көшін бастап желетін жол.
Ал енді сау болып тұр, ақын Сара,
Бойыңда өнерің көп беретін мол.
Тәуелсіздік тойында жетпіс жылдық
Шөбереңді жетектеп келетін бол.
Тым қартайып қалмасаң тісің түсіп,
Сол тойда арнау айтып беретін бол.
Менен басқа шалдарын Сарыарқаның
Айтыста басым түсіп жеңетін бол.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу