Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  416


Автор: Аманжол Әлтаев

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН САРА ТОҚТАМЫСОВА АЙТЫСЫ

Аманжол:
Нұр жұтып топырағы аспан емген,
Алла деп атқа міндім қасқа белден.
Ақын боп ортаңызға келіп тұрмын
Өнердің арқасында басқа берген.
Жыр тойы құтты болсын, Жүрсін аға,
Ердің жасы – елу бес жасқа келген.
Сендей ерлер шықпауы мүмкін бе еді
Өнері өзгелерден асқан елден?!
Досқа – ырыс, дұшпанға – қылыш болған
Бас иіп амандастым асқар елмен.
Есілдің толқынында жүзіп едім,
Маржанын талай көлдің сүзіп едім.
Қасымдағы сұлуға бұрылайын,
Ал енді, рұқсат болса, ұзын елім.
Бұлаң басып жайғасқан бұл кім десем,
Кәдімгі Қарауылдың қызы ма едің?
Аңшының аңға қосқан құмайындай,
Апыр-ай, түседі екен ізіңе кім?
Алтайдың уылжыған жидегіндей
Бір күні белгілі ғой үзілерің.
Саңлақ Тастанбектің Сарасының
Өнерін жалғастырған ізі ме едің?
Тоқтамыстың қызына сәлем бердік
Ай қабақ, найза кірпік, қызыл ерін.
Елеңдеп тұрса-дағы қарай-қарай,
Кетуші ем хан қызына қарайламай.
Қасымда күлімдеген Сара қызды
Өтудің өзі күнә абайламай.
Өнеріміз тоғысса тегін емес
Дөңгелек өмір атты шарайнада-ай.
Қылығыңмен қытықтап жүрегімді,
Назданып жымиясың маған қарай.
Аң іздеген тазыдай жорта бермей,
Атымның басын бұрдым саған қарай.
Дидарың Сарыарқаның ақ таңындай,
Көңілің Алатаудың ақ қарындай.
Аршын төс, бота көзді, алма мойын,
Сырлысың Сегіз сері Мақпалындай.
Ақанның Қадишасы емес пе деп,
Қараймын кірпігіңді қаққаныңда-ай.
Қимылың Әйгерімге ұқсайды екен
Керіліп жүріп келе жатқаныңда-ай.
Еңлікті көргендейін елеңдеймін
Үкіңді үлпілдетіп таққаныңда-ай.
Тастанбектің қызынан кемдігің жоқ
Төгілтіп тереңнен сөз тапқаныңда-ай.
Қызғалдақтай құлпырған осы қызды
Менен басқа жігіттен сақта, құдай!
Еркесі елеңдеген даламыздың,
Аққудай айдыныңда дара жүздің.
Бұл үйде Сара болса «кірсем» деймін,
«Шықсын!» деп сөзін айтпай бабамыздың.
Біржанға айтқан сыны сол емес пе
Айтыста сенің апаң Сара қыздың.
Ендеше, шапанды іл керегеге,
Байқайын биіктігін санаңыздың.
Сонан соң өз қолыңмен қымыз ұсын
Жолымен әжелер мен анамыздың.
Қабағың ашық болса қона кетем,
Екі-үш күн уақыты бар ағаңыздың.
Ақ отауда айтысып емін-еркін,
Өнерін бір байқайын қара қыздың.
Сара:
Бісміллә, ерін салып Кертөбелдің,
Жолымен Теккене мен Бөртелердің.
Абай мен Мұхтар туған топырағынан
Байрағын биіктетіп мәрт өнердің.
Мұхтар атам атындағы кең сарайда
Жүрекпен сезім сырын шерте келдім.
Қызырын күткен мына қалың елге
Қызынңдай мен де бүгін еркелермін.
Наурызда Алатау баурайына
Қыз-ғұмыр көктемімді ерте келдім.
Киелі бұл сахнада ізі қалған
Қанабек, Серәлідей серкелердің.
Күләш, Бикен, Шолпандай апаларым
Өнерін гүл жайнатқан көркем елдің.
Өнердің ордасында той өткізсең,
Жүрсін аға, мен де сіз деп тер төгермін.
Өйткені өзіңізбен айтыс деген
Мұқалмас алдаспаны серт өнердің.
Тұнығы шайқалмаған текті жұртым,
Тұғыры биік болсын мәртебеңнің.
Келелі сөзін айтсам кемеңгердің,
Өрені деп біліңдер өнерлі елдің.
Айбынды алты алашым аман тұрса,
Қалайша тұғырымнан төмендермін?
Бүгінгі қыз бен жігіт айтысында,
Бұйыртса, өнерімді дәлелдермін.
Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ
Маржан еді түбінде терең көлдің.
Құлтума, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса
Шыңдағы шынары еді кемел жердің.
Солардың үлгісіндей азаматсың,
Белгісін бабалардың сенен көрдім.
Кешегі серілердің салтыменен
Ырғалып сахнаға әрең келдің.
Басыңа бір тал үкі тағып алып,
Көзайымы боп жүрсің көрерменнің.
Сарамен сайысуға келіп тұрған
Салдардың сарқытына сәлем бердім!
Тілдескен жымыңдаған жұлдызбенен,
Тас бұлақ сылдырынан сырды іздеген.
Семейдей қалың елдің ақыны едім,
Жұртым бар жөргегінен жырды үзбеген.
Маңдайыма шыбын да қондырмаған,
Іргемнен құмырсқа да жүргізбеген.
Келе салып төріме кіремін деп,
Қайнап тұр от секілді қыз-қыз денең.
Білесіз, баяғының серілері
Барыстай басқан ізін білдірмеген.
Қалың ел жатқан кезде шарт ұйқыда,
Оятпақ түгіл, итін үргізбеген.
Ал сен болсаң «кірем» деп айғайлайсың,
Айтайын сескенгенін бұл қыз неден.
Дәстүр білер ақынның бірі емес пе ең,
Қырандай тілдесетін шың-құзбенен.
Өзіңіз әп-әдемі болғанменен,
Сөзіңіз біртүрлі екен «кіргіз» деген.
Мекенің – Қарағанды маң даласы,
Жайылған алты алашқа жарнамасы.
Айқайлап осы ауылға «кірем» демей,
Сараның бол одан да арлы ағасы.
Аспаймын ибам менен иманымнан,
Қазақтың көз салса да бар баласы.
Отауыма кіретін кім едіңіз,
Құр мақтап, сөзіңізбен алдамашы.
Қайсар рухты қазақтың қызы емес пе ем,
Болсаң да кіргізбеймін хан баласы.
Аманжол:
Өнері кейін қалмас бүгін менен,
Қырмызы бір гүл едің бүлінбеген.
Нұр төккен алтын шапақ күн секілді
Көзіңнен айналайын күлімдеген.
Ән салған пейіштегі хор қызындай,
Көңілімді елеңдеттің үніңменен.
Ұрын келер бозбала емеспін ғой,
Қара түнде келгені білінбеген.
Керегеден қол созу қиын емес,
Ол үшін кінә таппа, күнім, менен.
Қызды ауылға келгенде Біржан бабам,
Ауыл түгіл, кең дала дүбірлеген.
Баураған Айшадайсың Қараханды,
Жолыңа қатарлайын нар-атанды.
Жігітке бұл дәуренде өкініш жоқ
Қарсы алса сұлуменен ала таңды.
Кешегі сал Біржанның бауыры едім
Жиенқұлдан құтқарған Сара апаңды.
Бері асып қонақ келсе қызыр белден,
Ел едік төрде дәмін, тұзын берген.
Құстан да жүйріксің-ау, қайран көңіл,
Арыны асып түсер қызыл желден.
Қарқаралы – Шыңғыстау арасынан
Ділдәның ұзатылған ізін көргем.
Бұл кім еді демей-ақ, құдаша қыз,
Жөн болар алдан шығып, жүзін көрген.
Алшынбай ауылының баласы едім
Құнанбайдың ұлына қызын берген.
Сіңіріп өсиетті атамдағы,
Үңілдім ақиқатқа жаһандағы.
Алла берген несібем өнер еді
Бес күндік өмір атты сапардағы.
Ханның да, әкімнің де баласы емес,
Өнердің өкілі едім қатардағы.
Шыңғыстау мекен болған дана жұртқа,
Сарыарқа қоныс болған сан алыпқа.
Құс жолындай ізі бар ер жігіттің
Тал бесік – жер бесіктей аралықта.
Жараймын құда десең құдалыққа,
Тұрармын аға десең ағалыққа.
Сара:
Ақылың өнеріңе дос деймісің,
Болмайтын жігіт едің бос кейде ісің.
Арқаның төрінен сен келіп тұрған
Мәди ме, Шашубай ма, Доскеймісің?
Ентелеп келе салып кірем демей,
Осылай сөз түйінін шешпеймісің.
Е, айтпақшы, сіз құдам екенсіз ғой,
Құда болсаң шыда деп кешпеймісің.
Аңқылдап құдай қосқан құдам болып,
Есілден соққан желдей еспеймісің.
Құда болсаң есігім әр кез ашық,
Жөніңе бағанадан көшпеймісің.
Құда болсаң күндей ғып күлгізейін,
Қуантып бетіңе қан жүргізейін.
Жолымен құдалықтың келе алсаң,
Кермеге ат шылбырын ілгізейін.
Қолтықтап атыңыздан түсіріп ап,
Қошеметтеп төріме кіргізейін.
Қарсы алған Біржан салды құрметпенен,
Абайдан қалған қалай жырды үзейін?
Тектілікті сақтаған ұлы Абайдың
Ұрпағы екенімді білгізейін.
Ұлытау, Қарқаралы киелі еді,
Киеліге жақсы сөз жиі ереді.
Қаз дауысты Қазыбек бабаңыз бар,
Ұрпаққа үлгі болған би өлеңі.
Тәттімбеттей дәулескер күйші атаңыз,
Шертпеге негіз болған күй өнері.
Сайдалы Сары Тоқадан қалған күйді
Көкейге бүгінгі ұрпақ, түйеді елі.
Шалқытып Мәди салған асқақ әндер
Жаныңа мұң мен рухты жиі егеді.
Шашубай атаңыз бен Доскей бабаң
Толқындай толғаулардың тиегі еді.
Қасымдай Аманжолов атаңыз бар,
Ең асқақ поэзияның иегері.
Осылардың ұрпағы болғаннан соң,
Аманжол, айтқан сөзің жүйелі еді.
Бұл өнер – тектілерден қалған негіз,
Өнерге өнегелі ұл сүйенеді.
Сүйінуге жарайтын ер болған соң,
Аманжолдай ақынды сүйеді елі.
Білуші ем жігітке сай ерлігіңді,
Ең басты қонағымсың сен бүгінгі.
Екі-үш күн уақыт болса қонақ болып,
Байқаңыз қазаққа сай кеңдігімді.
Ұйықтағанда домалап жүрмейсіз бе
Қаңбақтай маған қарай желді күнгі?
Құдашадан құр қалмас ойың бар-ау,
Сара қыз түп-төркінін енді білді.
Құда жігіт әдептен аспасын деп
Ортамызға тастайын белдігімді.
Аманжол:
Жеткенде Сарыарқадай белден абат,
Ақиқат сөйлеуші едім елге қарап.
Құдаша өңірімді мақтағанда,
Шарықтап бітеді екен ерге қанат.
Ауылымды кемсітпей мадақтаған
Ақылды қыз екенсің сен де манат.
Сара қыздың ауылын мен де айтайын,
Қалмайын жолдан тайып, жерге қарап.
Дегендей, кең ғаламзат, таны мені,
Шығыстың жұлдыздары жарық еді.
Ақтамберді, Сабырбай, Дулат ақын
Шын дүлдүлдер екені анық еді.
Ақыл-ойдың асқары ұлы Абай
Адамзаттың данасы, алыбы еді.
Әдебиеттің заңғары Мұхтар ағам
Мәңгілік «Абай жолын» салып еді.
Шәкәрім мен Шәкірдің арасында
Дәстүр боп ірі мектеп қалып еді.
Қайым мен Рымғали, Тұрсындардан
Жұртымыз ғылым сырын танып еді.
Әміре, Бибігүл мен Мәдениет бар,
Кәрменнің бұлбұл еді-ау Жәнібегі.
Өзің де тегін жердің қызы емессің,
Семейім, міне, осындай халық еді.
Қасымның батырлығын кім білмеді,
Оралхан, Марат ағам тұрды ілгері.
Әзілхан, Мұхтар, Қабдеш, Қалихандар
Әдебиеттің тұтқасы бұл күндегі.
Орақ тілді Ұлықбек, Несіпбектің
Жыр төгіп көмекейі бүлкілдеді.
Осыншама асылдар туған жерден,
Сара, сенің шықпауың мүмкін бе еді.
Алтайдың марал шығар орманынан,
Арқаның арлан шығар жолдарынан.
Жалыны жүрегімді шарпи ма екен
Сараның бір ұстасам қолдарынан?
Ортамызға тастайтын белдігіңіз
Қытайдың қиын болды-ау қорғанынан.
Жігіт ем арғымағын жетелеген,
Айтпаймын сұлу қызға бекер өлең.
Қасыңа ақ жеңгеңді шақырып ал,
Қонуға қорықсаңыз жеке менен.
Байлаулы қол-аяғым жатса-дағы
Домалап қызға қарай кете берем.
Бір Алла жеткізсе деп тілегіме,
Ер салып шығып едім күреңіме.
Сопы да тәспісінен жаңылады
Сара қыз бір қараса реңіне.
Теңіздей асау сезім тулағанда
Қиын-ау әмір ету жүрегіңе.
Айыпқа бұйырмассыз, құдаша қыз,
Саусағым тиіп кетсе білегіңе.
Сара:
Шабытың сыймай отыр кенереге,
Қонсын деп айттым екен неменеге?
Домалап қызға қарай кетем дейді,
Қарай гөр ағамдағы делебеге.
Әдейі белдігімді қоям дегем
Сүйеніп ата дәстүр, өнегеге.
Домалайтын болсаңыз маған қарай,
Қолыңнан байлап қоям керегеге.
Шырағын жеңгелерім жағып тұрар,
Шолпысын бұрымыма тағып тұрар.
Алдыңда жеңге болған қандай жақсы,
Қашан да қайын сіңлісіне бағыт қылар.
Қасымда жеңешем бар, байқа, құда,
Әр басқан қадамыңды бағып тұрар.
Білсеңіз, ерегеске тым құмарлық
Түбінде шекеңізді жарып тынар.
Шекеңнің жарылғаны ештеңе емес,
Мойныңда өмір бойы қамыт тұрар.
Жайлауы Жетісудың келгеніміз,
Екеуміз екі ауылдың береніміз.
Өткен жолы айтыста, есіңде ме,
Алатауға қыдыртам дегеніңіз?
Алма теріп беремін деп едің ғой,
Қытайдың алмасы әзір жегеніміз.
Сахнада қойдыңыз айттыңыз да,
Былай шыға ештеңе демедіңіз.
Тау жаққа барам ба деп күтіп едім,
Болмады хабар-ошар, дерегіңіз.
Әй, бірақ жеңгемізге жеткеннен соң
Сізге болмай қалды ғой керегіміз.
Ал енді қашан тауға апарасыз,
Белгісіз оған сенбес-сенеріміз.
Ар жағымнан айналып, бер жағымнан,
Тағы да келіп отыр не дегіңіз?
Аманжол:
Саражан, дауысыңыз жарқын еді,
Әр сөзің ат басындай алтын еді.
Өзіңмен айтысамын дегенімде
Сарыарқа маған үміт артып еді.
Жігітті керегеге байлап тастау
Найманның қыздарының салты ма еді?
Сара қыз қолыма оңай қонар емес,
Көңілім басқа қызға толар емес.
Салтанатың жарасса ойна да күл,
Заман өтсе мынау сәт болады елес.
Қасында құдашаның жеңгесі бар,
Келмесең, Жүрсін аға, болар емес.
Тұрғанда тартынбайық арман күліп,
Күтпейді жастық өмір, жалған тұрып.
Қызды ауылда қаперсіз жату қиын,
Атыңды ерттемесең таңнан тұрып.
Ініңнің басындағы сері дәурен –
Өзіңдей ағалардан қалған ғұрып.
Сара мен екеумізге бөгет болар,
Жеңгесін ап кетіңіз алдандырып.
Уағдасын берді деп арай қызға,
Жолыма жаутаң-жаутаң қарайсыз ба?
Тауға апарам дегенім рас еді,
Қол ұстасып жүруге жарайсыз ба?
Тау жақта «арыстандар» көп дейді ғой,
Бізді де атып кетпесін абайсызда.
Саражан, ақыл айтар ағаңдаймын,
Сұңқардай қанатымды саған жайдым.
Емеурін білдіргенде сұлу қалқа,
Ер болып қарекетсіз қала алмаймын.
Еркек тоқты – құрбандық болар едім,
Өзіңнің тағдырыңа алаңдаймын.
Жұлқынып ұмтылғанмен алға бекем,
Алма терем дегенім арман екен.
Алма бақтың барлығын күреп тастап,
Орнына бір-бір вилла салған екен.
Көздің жауын алатын алма бақтар
Ресторан, казино боп қалған екен.
Маған серт айтқан сөзім жалған болса,
Тәуекел жанарыңыз талған болса.
Бұлжытпай тез орындау жігітке сын,
Сұлудың жүрегіне арман қонса.
Өзім іздеп келейін тауға барып,
Бір алма Алатауда қалған болса.
Сара:
Көңілің неге, аға, мазаланды,
Қойсаңшы пердеме көз қадағанды.
Байлап қоям дегенім әзілім ғой,
Құдаларым болған соң Қарағанды.
Дегенмен сабырсыздық танытқандар
Найманның қыздарынан жазаланды.
Жүрсін аға, көмекке келіңіз деп
Мазалап отырсың-ау әз адамды.
Жеңгемді айтсаң намазы бұзылады,
Азғырмай тыныш отыр қажы ағамды.
Туғансыз қазақ деген жыр елінде,
Өлеңнің тілеп жүрсіз тілеуін де.
Айтыстың аспанында күн тұрғанда,
Түн құсап қақыңыз жоқ түнеруге.
Ұлттығы қазағымның жойылса егер,
Дайынсыз соныменен бір өлуге.
Жүрсін аға, жасаған еңбегіңіз
Халықтың мәңгілік тұр жүрегінде.
Апайтөс, атан жілік азаматсыз,
Батырдың қайраты бар білегінде.
Батырлар жайлы кино түсірсе егер,
Сарыарқа, байтақ жатқан ұлы елімде.
Сонда сіз ойнасаңыз жарасар ед
Махамбет бабамыздың рөлінде.
Семейдей кең-жазира белеңде өстім,
Айтыстың арнасына көлем қостым.
Елімнің атын бүгін шығармасам,
Ешқашан ақын болып еленбеспін.
Алма үшін өлтіртсем мына сізді
Ешқашан көктемеспін, көгермеспін.
Сөз бастар азаматтар аман болсын,
Басында келе жатқан кемел көштің.
Оларды «арыстандар» атпаса екен,
Жұртыма осылай деп өлең қостым.
Аманжол, ағатайым, сен де аман бол,
Қимайды өзіңіздей өренді ешкім.
Қазақтың тұлғалары аман болса,
Қытайдың алмасын жеп мен өлмеспін.
Аманжол:
Еңсесін талай ғасыр көтергелі,
Жалғасып киелі айтыс көнермеді.
Жүрсіндей ағалардың арқасы еді
Айтыстың қайта жайнап көгергені.
Өмірін айтысқа арнап келе жатқан
Қайратты ер сіздей болсын өнердегі.
Шапағат-нұрын төгіп арайыңның,
Айтыста бағын аштың талай ұлдың.
Арқаңды осқыласа мыңқ етпеуші ең
Кей кезде қисық сөзі ағайынның.
Бір қазақтың ұлы деп қарай білдің
Баласын Арғын, Дулат, Адайыңның.
Біздердің де бар шығар үлесіміз
Бір тал шашы ағарса самайыңның.
Таңдадың таланттарды іздеп елден,
Үлгілі өнегең көп бізге берген.
Талшыбық ақындарың орман болды
Ағасының нұрымен гүлдеп өнген.
Өзіңді, ұрпағыңды көгертеді
Қалың елдің батасы сізге берген.
Айтысты өркендетіп, жүргізе бер
Жамбылдай шал болғанша жүзге келген!
Сара:
Жүрсін аға, біз үшін нарқыңыз кең,
Жүреміз өзің берген шартыңызбен.
Аманжол – Сара болып біз айтыстық
Біржан – Сара сап кеткен жарқын ізбен.
Осыменен тәмамдап біз айтысты,
Бас иіп қоштасайық халқымызбен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу