Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  231


Автор: Аманжол Әлтаев

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН ЕРМЕК ЖҰМАТАЕВ АЙТЫСЫ

Аманжол:
Жер-Ана алып күннің алды нұрын,
Наурызда бай түсінер жарлы мұңын.
Телегей қуанышқа кенелемін
Жұртымның көрген сайын арлы жүзін.
Халық деген бір сөзден биік емес
Бір Алладан кейінгі барлық ұғым.
Қазақ деген ұлтыма сәлем бердім
Ақыннан биік көрмес жалғыз ұлын.
Таңдарға үміт арттым күліп атқан,
Түспеспіз шабыт барда бүгін аттан.
«Ақжолтайлап!» алдыңа келіп тұрмын,
Бата алып Ұлытаудай ұлы қарттан.
Бетті жуып, сусындап жолға шықтым
Есілдей өзенімнен тұнық аққан.
Сәукелелі сұлудай Қарқаралым
Басыма бақ тіледі күліп арттан.
Жаңаарқамнан басталған ұлы жолда
Аталы сөз арнасам, құным артқан.
Жекпе-жекте желпініп сөз бастайын,
Бақ тілеп қазағыма ұлы хақтан.
Жалғадым баба жүрген алтын ізді,
Бір Алла биіктетсін нарқымызды.
Наурызда дәмі кетпес сөз айтайық,
Сапырып ұсынғандай бал қымызды.
Ұлыстың ұлы күні қандай ғажап,
Ұлт болып ардақтасақ салтымызды,
Бүгін түнде қазаққа Қыдыр келер,
Қуанышқа кенелтіп жалпымызды.
Ұлыс оң боп, ескі жыл есіркесін,
Жаңа жыл жарылқасын халқымызды.
Әз Наурыз қазақ үшін бағалы екен,
Әр үйден Қызыр орын табады екен.
Әжелер сүрдің исін бұрқыратып,
Қазанға қазы-қарта салады екен.
Наурыз көже әзірлеп жеңешелер,
Ошақ отын маздатып жағады екен.
Бар дүние жаңарып табиғатта,
Жер бусанып, бұлақтар ағады екен.
Түйе боздап, қой қоздап азан-қазан,
Еңлікгүл бүршігін жарады екен.
Ойдағы ел қырдағы елмен араласып,
Қауышып, қауқылдасып қалады екен.
Атан жүрек жігіттер көкпар тартып,
Шабандоз аламанға шабады екен.
Палуандары белдесіп, күш сынасып,
Ақындар шалқып қанат қағады екен.
Ренжіскен көңілде кірбің болса,
Есіркер ескі жылда қалады екен.
Жаңа күн, Жаңа жылға атам қазақ
Періштедей тазарып барады екен.
Жаныма серік болмас жалған желік,
«Ақжол!» деп қадам бастым арманға еріп.
Дүбірін дүлдүл жырдың байқатайын,
Жерді солқылдатқандай тарлан желіп.
Армысың, Ермектейін ақын аға,
Азуы алты қарыс арлан берік.
«Алла» деп аттың басын босат енді,
Алдыңнан тоқтатқанша арқан керіп.
Көсілген ақын едің ақтабандай,
Тыңдаушың өнеріңді мақтағандай.
Айтысқа Аманжолмен шығасың деп,
Қырық күн жеңешеміз баптағандай.
Ал ендеше айтарың асыл болсын,
Алтынмен іші-сыртын аптағандай.
Ұлт тыңдайтын аяулы, дәмді ойлар айт,
Жалынға құстың етін қақтағандай,
Алатау атамыздың халі қалай
Ел тілеуін тілеген қарт бабамдай?
Алматым мерейтойын тойлаймын деп,
Әкімің бекер қарап жатпағандай.
Осылардан сыр тартып сөз басташы,
Ұл едің ел сенімін ақтағандай.
Ермек:
Жаңа жылда болар деп бір жаңалық,
Жиналып қалыпсың-ау мұнда, халық.
Ол рас, Алматыға наурыз келді,
Құлағы тал-қайыңның сырғаланып.
Көктем келсе тулайды ақын жүрек,
Болармыз деп өлең мен жырға қарық.
Аманжолмен шығам деп жекпе-жекке,
Келгем жоқ сойылымды суға малып.
Ел алдында жарасып айтыс жасап,
Құшағымыз қайтармыз гүлге оранып.
Алладан бүгін айтыс бұйырған күн,
Ақындар өнеріне сыйынған күн.
Бүгін бір әзіл айтыс болады деп,
Көптен күткен мына жұрт жиылған күн.
Таласып екі сағат звондасып,
Көрермен, телефоның қиылған күн.
Жамағатқа жақсы айтыс біз жасайық
Орнына елден шыққан тиындардың.
Ол рас, бұл – күн мен түн теңелген күн,
Қазақша бақ пен ырыс кенелген күн.
Несібесі артады деп жатады
Наурыз көже тоя ішіп, жегендердің.
Бидай мен сүт қосып жейтін тарымызға,
Осы мейрам бұйырыпты бағымызға.
Ішкен-жеген көрініп отырғасын,
Несіне шоқ түседі шабымызға?
Осылай бәрін айтып көрсететін
Мың рахмет айтамыз Наурызға.
Наурыз тұрсын енді өкпелемей,
Шашады жырдан шашу көпке көмей.
Амандасып алайын Аманжолмен,
Жапырып жан-жағымды төкпелемей.
Мына жұрт та риза болып қайтсын,
Уақытым өтті ғой текке демей.
Біздің ауыл, сұрасаң,
Ұзынағаштың бойында.
Мен ауылдан шыққанда
Сен бар едің ойымда.
Іні емессің арқалап
Жүретұғын мойынға.
Қыз емессің қолқалап,
Тартатұғын қойынға.
Ұры емессің зәнталақ,
Екі көзің қанталап,
Жығып кетер сойылға.
Бір мінің жоқ бойыңда,
Не бар екен ойыңда?
Не болса да көрейік
Наурыздың мынау тойында.
Аманжол:
Айтыстың жарқыраған шырағы едің,
Тұмарлап топқа қосар пырағы едің.
Сенің де арқаң қозып отқан шығар,
Көргенде құба белдің құлагерін.
Ермек-ау, бір де жауап айтпадың ғой,
Алатаудың жағдайын сұрап едім.
Келгенде Әзірейіл жанды алғалы,
Пенденің кеш болады таңқалғаны.
Шалбайың Италияда жүрген екен
Зілзала болған кезде Талғардағы.
Қыдырам десе бастық кете берер,
Рахатты жалғыз көріп жалғандағы.
Ел үшін Меккеге де бармай қалған
Би Темір – кешегінің тарландары.
Бүгінгі әкімдер де қызықтау ғой,
Курортпенен шектелген армандары.
Адамзат десе-дағы күнге жетем,
Табиғат бізден гөрі іргелі екен.
Осынау лай көшкіні болатынын
Талғардағы ағайын білген екен.
Қауіптен сақтанбаса болмайды деп,
Кеңсеге неше мәрте кірген екен.
«Жұрт тынышта жамандық шақырма», – деп,
Бастықтар миығынан күлген екен.
Топан су қаптаса да қозғалмайтын
Әкімдерің біртүрлі күрделі екен.
Ермек-ау, әшейінде саңлақсыңдар,
Бойына мін жұқтырмас ардақсыңдар.
Кеше барып жағдайын біліп келдім,
Біреуің халін сұрап бармапсыңдар.
Зілзала ел жүрегін жаралады,
Талай қазақ мерт болды-ау жағадағы.
Шатыры лай астында кеткеннен соң,
Әрине, қарқ болмас қағанағы.
Туғанбай ағамыздың арқасында
«Ақ бұлақ» шипажайын паналады.
Тезірек Алматының әкімдері
Қандастарға үй берсін даладағы.
Бүлдірмей бұрып алып, жұлып алып,
Табиғатпен сырласар ұлы халық.
Дөңгелек жер долданып буырқанса,
Болмай ма адамзаттың күні ғаріп?
Көктөбе де тұр екен құлайын деп,
Бастықтар байқамаған бұны нағып?
Бір күні Көктөбеміз қақ бөлініп,
Жүрмейік елді тағы қырып алып.
Етеміз ақиқатты тілге тиек,
Жүрейік асыл елді бірге жебеп.
Осындайда жағдайын сұрамасаң,
Ақын Ермек болғаның кімге керек?
Ермек:
Аманжол, ақын едің сенім артар,
Сенім артқан жігіттің жөнін айтар.
Бұл Талғардың тауын сен сынамай-ақ,
Жөнің бар ед, Аманжол, көңіл айтар.
Аулақпыз мықтымыз деп мақтанудан,
Аулақпыз сізден тағы жасқанудан.
Құдайдың ісі солай болып тұрса,
Не келіп, не кетпейді бастарынан?
Талғарда шейіт болғандар туысына
Көңіл айтам бар әкімнің аттарынан.
Алматыны сұрапсың,
Ал айтайын, бауырым.
Бұл да сенің қалаң ғой,
Бұл да сенің ауылың.
Ел біледі, әрине,
Астананың тәуірін.
Аспандағы ай құсап,
Жарытпайсың, көреміз,
Астананың жарығын.
Тым болмаса, облыс
Орталығы болдырмай,
Түсірді ғой қадірін.
Астанаға соны айтшы,
Айналайын жарығым.
Алматы деген – бар қазақ,
Анасы ғой бәрінің.
Алматы – жердің жұмағы,
Алатау, рас, тұмағы.
Жұмақтың кәусар суындай
Бастан аққан бұлағы.
Бұлақты тастап кеткендер
Өздері шығар кінәлі.
Келімсектер жүр әні,
Нанын сатқан адамдай
Нашасын сатып тұрады.
Сонда да бұл қазақтың
Татулық, достық ұраны.
Төріңді берсең әркімге,
Бұныңды кім ұғады.
Батыстағы Атырау,
Ортадағы Астана,
Оңтүстікте Таразың
Жадырап, жайнап тұр әне!
Алматы да жайнаса,
Осы төртеуі болар ед
Дүниенің төрт бұлағы.
Астанаға соны айтшы,
Айналайын Аманжол,
Арқаның жүйрік пырағы.
Аманжол:
Ынжықтың бірі емессің халық айтқан,
Ақынсың ақиқатты танып айтқан.
Сахнада көп сайрап не қыласың,
Көңілді атам қазақ барып айтқан.
Қосыңды артқанменен нарға бекем,
Соғылар, байқамасаң, жарға шекең.
«Аққайың» шипажайы тұрған жерді
Көршілес Қытай сатып алған екен.
Талғардан Кіші Пекин жасаймыз деп,
Бөгетін құрылысының салған екен.
Лай көшкіні болудың себебі сол,
Демессің бұл сөзімді жалған екен.
Ақырын Жетісуды жайлай беру
Болашақ бар қытайдың арманы екен.
Талапайға түспесе екен деймін
Сүйінбай, Жамбыл туған арда мекен.
Алматы – ақ ордасы сан дананың,
Жүзіне үрей кірмесін паң қаланың,
Сындырып үй тұрғызып жатырсыңдар
Аяулы Алматының алмаларын.
Ағашты кескен кезде ойлай ма екен
Сақалын Алатаудың қан жабарын.
«Бір жүз елу жыл депті» әкім жездең
Тарихын Алматыдай нар қаланың.
Казактар бекінісімен тұйықталып,
Көненің ескермейді-ау арман әнін.
Желіккен мерейтойды тойлаймын деп,
Ойында не бар екен сары баланың?
Әзірге біздің қазақ саспай келед,
Күндестік бөлінуден аспай келед.
Ет жүрегі елжіреп Абай айтқан,
Баяғы бес дұшпаннан қашпай келед.
Базарға барған сайын үрейленем,
Күні ертең қара қытай қаптай ма деп.
Жылқы баққан жайлауға бұрыш егіп,
Қайыңды кетпеніне саптай ма деп.
Қара көз қыздарыңды әйел қылып,
Түркілік рухыңды таптай ма деп.
Атам Бұхар, Шортанбай айтқанындай,
Көрімізді қопарып жатпай ма деп.
Саясатпен басқалар будандасып,
Балтасын тамырыма шаппай ма деп.
Қазақтың қызын алып, Алматыға
Бір қытай әкім болып жатпай ма деп.
Түркінің оғланы едік тауға шығар,
Ұсақ мінез танытпас сауға сұрар.
Батырлардың ұрпағы емес пе едік,
Жеті жаста найза ұстап жауға шабар.
Үмітпен өсірген ұл ынжық болса,
Туырлықты тілгілеп жау басынар.
Сусынды шыңыраудан тартып ішкен,
Көп шенді су татырмас қауғасы бар.
Мысалы, Храпунов салған үйдің
Бес гектар қыдыратын «ауласы» бар.
Баспанасыз қазақ көп Алматыда,
Қолында ала дорба, арбасы бар.
Жерді сатып, тіліңе қарсы шығып,
Қазақ, қайда барасың, Алласы бар.
Рухымның ордасы Алматыға
Ұлтжанды әкім керек тәубәсі бар.
Ермек:
Ол рас, Алматы еді жапырақты,
Апорты таң қалдырған атырапты.
Бүгін сол алмалардың орындарын
Мықтылардың коттеджі басып апты.
Екі жаңа қазаққа бір казино,
Екі көне қазаққа бір заправка.
«Храпунов это дело храмает,
Когда будет этому поправка?»
Бүгін енді Алматыға қарап тұрсам,
Бұрын апорт өсті деген аты қапты.
Ал, Аманжол бауырым,
Алматыға кеп алып,
«Дом отдыхқа» демалып,
Араладың қаламды.
Асан қайғы секілді
Көрдің жақсы-жаманды.
Екі аптаның ішінде
Сен көрмеген не қалды?
Алматыдан облыс
Орталығы көшкен соң,
Мен көрмеген не қалды?
Астанадай айбатты
Мәртебесі көшкен соң,
Ел көрмеген не қалды?
Соны айтып қайтесің,
Кел онан да айтайық
Мынау бүгін заманды.
Америкаға еліктеп,
Бұзылып жүрген қоғамды.
Той қылмадық кімдерге,
Той қылып біздер жүргенде,
Таңба басқан бабалар,
Таңбалы тастар жоғалды.
Мәдени мұра дейтіндер,
Бюджеттен ақша жейтіндер
Ұмытты ғой соларды.
Жазушы-ақын дегендер,
Шеттерінен кемеңгер
«Жай қарақшы» деп жазып
Шыңғыс хандай бабамды.
Құдай сүйіп жаратқан,
Аузына әлем қаратқан
Қорлағанды қояйық
Шыңғыс хандай бабаңды.
Асан қайғы, Шалкиіз,
Доспамбет пен Үмбетей,
Тірілту керек соларды.
Жырыменен солардың
Оқыту керек балаңды.
Түнгі клуб, дискотек,
Шошыту керек балаңды.
Жырауларша айтқанда,
Мен де солай шошимын
Кейінгі өскен баладан,
Теледидар қараған.
Телемәңгүрт боп кетті,
Әкесі оның – «Караван».
Ойсыздық пен қамсыздық
Осылардан тараған.
Осылардың бәріне
Тыйым болар еді ғой
Құл-Мұхаммед Мұхтардай
Болса егер әр ағам.
Кел, осыны айтайық,
Құр ақындық не керек,
Домбырасын сабаған?
Аманжол:
Бұл сөзің ойландырар әр адамды,
Батыстан ой-санамыз жараланды.
Әрине, ұлт рухы оянбайды,
Оқыса жалғыз ғана «Караванды».
Ұлттық баспасөзбенен сусындасын,
Шығару үшін ертеңгі нар адамды.
Отырғың келсе дұрыс қатарыма,
Қол салма берік тұрған бақаныма.
Алматыда қаптаған түнгі клуб,
Айналған нашақордың апанына.
Казино, түнгі клубтың иелері
Тығылар бастықтардың шапанына.
Храпунов түнгі клубты жаптырса егер,
Жара шықпас еді ғой сақалына.
Біріміз толықтырып бірімізді,
Сыйлайық мынау азат күнімізді.
Ұлыстың ұлы күні, Ермек ақын,
Айтпасаң айып болар тілімізді.
Аспаннан айды әперем десін мейлі,
Алдыма басын иіп келсін мейлі.
Депутат қып сайласаң жамандарды,
Бәрібір ел мерейін өсірмейді.
Тіліме қарсы шыққан Парламентті
Күні ертең ата тарих кешірмейді.
Үкіметің қазақша сөйлемесе,
Ана тілдің тағдыры шешілмейді.
Ана тіл қасиетті, жаралысың,
Қазақ менсінбеген соң қаралысың.
Біздердей қарапайым халық үшін
Ананың ақ сүтіндей бағалысың.
Биліктегі шенділер шеттеткесін,
Әр күн сайын төмендеп барады ісің.
Тіліме қарсы шыққан депутаттың
Бағасы бір-ақ тиын қазақ үшін.
Соларға сенім арттың сен де талай,
Соларға үміт арттым мен де талай.
Сайласаңдар құлың боп өтейік деп,
Өтініп келмеп пе еді елге талай.
Ұн таратқан суайтты сайлап алып,
Отырмыз бармақ тістеп, жерге қарай.
Өңкей нөлден ештеңе шықпайды деп,
Ондайлардың бағасын берген Абай.
Ұлтын сүйген ерлерді сайлар болсаң,
Тасымыз домалар ед өрге қарай.
Таңғалам, тілді сатқан депутаттар
Ұялмай қарайды екен елге қалай?
Өз ұлың өз тіліңді қолдамады,
Баласына қолайлы жол қарады.
Тілге қарсы шыққаны Парламенттің –
Ұлтымның ар-намысын қорлағаны.
Түбінде жақсылыққа апармайды
Ерлердің тілге қамқор болмағаны.
Өз қазағы табанға таптаған соң,
Ана тілдің көз жасы сорғалады.
Жалаң саясатшылар көбеюде
Өз пайдасын ойлаған дорбадағы.
Талайлар саясатқа араласты,
Көбі бірақ кәдеге жарамас-ты.
«Ауыл» патриясының көсемі де
Елді алдап, теріс жаққа ала қашты.
Ел билеген ағаларға сеніп едік,
Олары да шатасып, қара басты.
Тілге қарсы шыққаны ағалардың
Тырналап жүректегі жараны ашты.
Сенген депутаттарым осы болса,
Апыр-ау, кім қорғайды нар алашты?
Ұлт едік ар-намысы жығылмаған,
Өлеңсіз өмір сырын ұғынбаған.
Айталының баласы Амангелді,
Алатаудай асқақсың бүгін маған.
«Жас қазақ» газетіне мың рахмет,
Тілім деп бозторғайдай шырылдаған.
Ең соңғы Парламентің осы болсын,
Ұлтына тоңмойыны бұрылмаған.
Ермек:
Әңгімені әр жолы тың ғып айттық,
Дейсің бе, әй, Аманжол, тілді қайттік?
Біз осы егеменді ел болғанда,
Тіл жайлы бір адамдай сұмдық айттық.
Біреуге осы тілді мұң ғып айттық,
Біреуге осы тілді сыр ғып айттық.
Тұрып айттық, отырып, ырғып айттық,
Ымыртта айттық, түнде айттық, күндіз айттық.
Жеке айттық, бәріміз бірігіп айттық,
Бірігіп ап бұл тілді жүгіріп айттық.
Тілімізді бүлдірген жынды да айттық,
Су тасып Талғар жылжып жатса-дағы,
Біздің тіл бір орнынан жылжымайды.
Ай, Аманжол, Аманжол,
Мықтыларға ұнайтын.
Ақын болып қалыпсың
Ел жағдайын сұрайтын.
Осы жолы, Аманжол,
Шындықты айтсаң ұнайсың.
Баяғыша айтқанда,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шапырашты Наурызбай
Ту астында тұр еді.
Оның рас, сол қазақ,
Әрқайсысы әр түрлі
Партияда жүреді.
Бірін-бірі өсектеп,
Бір-біріне күледі.
Бірін-бірі мінеді,
Бірін-бірін іреді.
Бұл қазақтыі жері үшін
Осының бәрі сын енді.
Бұл партия бәрі емес,
Біреулерге жағады,
Біреулерді бағады.
Уәдені жаудырып,
Депутат болып алады.
Қалаулыны белгілі
Қайдан іздеп табады.
Қалаулылар қамалып,
Мәжілісте қалады.
Аманжол, бүгін сенің атан шағың,
Халыққа кең тараған мақам-сазың.
Айтысқан жас қыздарға жол бересің,
Сенің де боп қалған ба батар шағың.
Ризамын бір қалыпты ән-жырыңа,
Ризамын бір қалыпты тағдырыңа.
Запорожец айдаған шалдар құсап,
Жол бересің қыздардың барлығына.
Тоқсанында топ бастап, топқа түскен
Мен өзім ризамын Жамбылыма.
Отыздың ортасынан жаңа асқанда,
Бола ма енді осындай шалдығыңа.
Ал сөзімді тыңда енді,
Алматының қазағы.
Жекпе-жек деген бұл айтыс –
Айтыстардың ғажабы.
Жан-жағыма қарасам,
Қаптап кеткен секілді
Машинаның базары.
Ақын үшін бұл өмір –
О дүниенің тозағы.
Аманжолға бәрібір,
Озам десе озады,
Алам десе алады.
Бата беріп байыппен,
Жолын да бере салады.
Аманжол, сенде сын бар ма,
Көрмей жүрміз соны әлі.
Аллада ғана бір мін жоқ,
Аманжол, сенде мін бар ма,
Өзің айтшы шамалы.
Аманжол:
Әлемнен абыройым асып тұрса,
Қазақ ұлты, несібең тасып тұрса,
Қазақтың кәрі-жасы, ұл-қызына
Ғаламның адамзатын ғашық қылса.
Ана тіл қалай ғана жылжи берер,
Басқалар табанымен басып тұрса.
Көтердік ана тілді ұран қылып,
Тізесін көрген емес Тұран бүгіп.
Арқадан кеп отырған Аманжолға
Тіл жайын толғап айттың күмән қылып.
Құсбегі бастық керек бұл қазаққа,
Тілімді ұшыратын қыран қылып.
Замандас, дос па десем қолын берген,
Жан ба едің Бекежанның оғын көрген.
Серттескен кешегінің жігіттері
Қасындағы досына жоғын берген.
Сал Біржан бабалардың дәстүрі еді
Аруға мырзалықпен жолын берген.
Қалқытып ұшырайын ар құсымды,
Ұлтым үшін жұмсаймын бар күшімді.
Алаштың қоңыраулы сұңқарындай
Астыма тұғыр тұттым қарлы шыңды.
Қалайша батар шағың деп айтасың
Бүгінгі нұрын төккен тал түсімді?
Қазақтың ақын сүйген халқы емес пе,
Дөп сөйлеу жақсы ақынның шарты емес пе?!
Күлімдеген сұлуға жолды беру
Ақан сері атамның салты емес пе?!
Бұл Ермек қалай ғана басынады,
Басынса да Аманжол тасынады.
Жағына жара шыққан сендей жігіт
Өзі келіп қасыма қасынады.
Жолымды сұлуларға берген сайын
Ақ жолым қарсы алдымнан ашылады.
Ермек:
Сынаған аға құсап, суық қарап,
Аманжол, танытпашы суық қабақ.
Кең пейіл нұрлы күлкің болушы еді,
Осылай отырсаңшы күліп қарап.
Алматының алмасыз көшесіне,
Аманжол, кетпейсің бе шыбық қадап?
Баладай байқамаған басын жарып,
Аманжол, қалдың білем, ашуланып,
Көңіліңмен бір шыбық қадап кетсең,
Алматы кетер, бәлкім, жасылданып.
Осы рас, Алматы да кең сарайым,
Жетісу – жер жәннаты, жан сарайым.
Өзінің жиеніндей қарсы алады,
Арқадан ат терлетіп келсе ағайын.
Айтыстың жұпар иісі аңқылдасын
Алатауда өсетін аршадайын.
Аманжолға әзілім ұнап отырса,
Тағы да қорамсаққа қол салайын.
Атыңнан айналайын, Қарқаралым,
Сенен бұлт менен қайғы тарқамады.
Сол Арқа сал-серінің отаны еді,
Жаңғырып қалып қойған Арқада әні.
Сал-сері сол Арқада қалмапты ғой,
Сал-серінің отаны болса-дағы.
Артта құмай, қолында қыраны жоқ,
Серілік деп біліп жүрсің қай саланы?
Қыздар күліп қарағанмен тәмам болса,
Серілік елге басқа ой салады.
Арқада сал-сері жоқ еркелеткен,
Артына аш тазысын ерте кеткен.
Қасқырдан қашқан киік осында жүр,
Жасырған бай малындай сельсоветтен.
Біреудің малын біреу аясын ба,
Біреулер қарық боп жүр вертолетпен.
Аманжол, айта берсем, жыртығың көп,
Қыран тұрмақ қолыңда шымшығың жоқ.
«Сал-серінің ұрпағымын» деп айтасың,
Артта тазы, алдыңда түлкіңіз жоқ.
Сал-серінің елінен келдім десең,
Біздің соған келеді күлкіміз кеп.
Қаршыға болмағасын, құмай тазы,
Аманжолды сері деп кім айтады.
Шапаны жылтыраққа батып қалған,
Басында бір тал үкі қатып қалған,
«Сал-сері ұрпағы ем» деп жыр айтады.
Бұл Аманжол өз мінін көрмей тұрып,
Ұялмай енді маған сын айтады.
«Құлаған сүрінгенге күледі» деп,
Баяғы біздің қазақ шын айтады.
Аманжол:
Ел сенер ұсақ сөзге бармасыма,
Жалған айтсаң, жетерсің жар қасына.
Ағаш ексем, бір көкең үй салам деп,
Кім кепіл ертең отап алмасына?!
Оң құлақты түргейсің, Ермек ақын,
Өзің айтқан сөздердің жалғасына.
Сарыарқаның киігін айтамын деп,
Өзің келіп түстің ғой жамбасыма.
Кезген киіктерімді сөз қылдың-ау,
Алатау ие болмай алмасына.
Ермек те жөнсіз жерден ұрынады,
Көрсетіп жіберейін құбыланы.
Табиғат бүлінгенде сәні кетер,
Адамзат мұны қашан ұғынады?!
Арқаның алтын кеуде киіктері
Қытайдың даласында қырылады.
Ермек-ау, жылтыраған шырайың бар,
Жөнсіз жерден мін тақпақ сыңайың бар.
Серіліктің белгісі емес пе екен,
Үйімде жүйрік тұлпар, құмайым бар.
Басыңда үкі таққан бөрік дедің,
Алла ризық берген соң, көрікті едім.
Ардақты елге топырақ шашпай отыр,
Дәлелсіз көп көпірме, көріпкелім.
Серілік белгісі жоқ деп айтасың,
Арқаға барып, Ермек, көріп пе едің?
Біржанның болмасам да замандасы,
Қастерлі бабалардың маған басы.
Өзіңді жекпе-жекке шығарғанда,
Демеген шығар мені жамандашы.
Бөріктің қасиетін қайдан білсін
Алатаудың жалпақ бет жалаңбасы?
Жөн еді бұл сөзіңді бастамаған,
Жан едім тұнық ойды ластамаған.
Серіліктің қадірін түсінеді
Ақандай ғұмыр кешкен асқақ адам.
Тоқсан жасқа келсе де Жамбыл бабаң,
Басынан құндыз бөркін тастамаған.
Егерде жігіт болсаң серті берен,
Шалдықпа күндестіктің дертіменен.
Кешегі Шашубайдай атама ұқсап,
Айтайын толғап-толғап еркін өлең.
Сегіз қырлы,бір сырлы бауырыңды,
Төмендетпек ойың бар ерді неден?
Осы сөзді құйып ал құлағыңа,
Жігіт сұлу көрінер бөркіменен.
Кезім жоқ сол жағыңнан теріс келер,
Ғылым, білім ақынға жеміс берер.
Басыңда құндыз бөрік болмаса егер,
Төбеңе тұрақтамас періштелер.
Ермек:
Мақсатың баста үкің орнағасын,
Әсіре әңгімені қолданасың.
Жалаңбастар алдыға шыққан кезде,
Бөріктілер шаң қауып жолда қалсын.
Үш теңгеде Сүйінбайдың суреті бар,
Соны көріп, Аманжол, ойланарсың.
Мен де мынау қалпақты кимей шықтым,
Сүйінбай атам әуес болмағасын.
Қол соғып отырған ел бүгін залда,
Шал мен кемпір күнде өстіп жиылмайды.
Зейнеткермен сөйлесе қалсаң бүгін,
Айтады пенсия мен тиын жайлы,
Тиынына келмейтін бұйым жайлы.
Қарағұсова зейнетке шықпайынша,
Зейнеткердің көз жасы тиылмайды.
Аманжол, сен не деген көріпкел ең,
Айтыссам деп Ермекке сеніп келген.
Үкіңді үлбіреткен, айналайын,
Шаршамай Астанадан желіп келген.
Мен де сол шын жүйріктің біреуі едім,
Екі күн айтысса да демікпеген.
Шалбайды айта-айта қоймадың ғой,
Аманжол кімге осы еліктеген?
Еңбегін оның-дағы сыйлау керек,
Шет елден демалысын бөліп келген.
Әкімді мақтау білмес жігіт едім,
Сондықтан қызыл тілім байланып тұр.
Еңбегін ескерейік, Талдықорған
Оңтүстік Астанаға айналып тұр.
Осылай қызықтыра айналасын,
Құмайы, жүйрігі бар бай баласың.
Үйімде осы менің жүйрік бар деп,
Маңғазданып отырып жайланасың.
Арқада қанша жүйрік болғанменен,
Алматы, көріп жүрсің, бәйге алатын.
Орынтайдың аты ылғи бәйге алады,
Аманжолдың жүйрігі, қайда жүрсің?
Ай, ақылшым, ақылшым,
Халайық, менің ақылшым,
Алдыңнан ақ гүл ашылсын.
Аманжол мен Ермекке
Телефон шалып жатырсың.
Ақындардың барлығы
Бір анадан туғандай,
Барлығы оның бір адам.
Әкімдерді білмеймін,
Аңқылдаған тілегі,
Ақындар таза күнәдан.
Менің де сол тілегім,
Айналайын қазекем,
Қазағым болсын дін аман.
Коррупцияны айтайын,
Аманжол болсын сұраған.
Орыспенен ұрыспай,
Қытайменен қырқыспай,
Әркіммен жаға жыртыспай,
Бәріне соның шыдаған,
Ала менен құладан,
Ел сұраған Нұрағаң.
Нұрағам аман болсыншы
Он сегіз мың ғаламның
Ел-жұртына ұнаған.
Он екі жыл ішінде
Талай елді көрдік қой
Басына бомба құлаған.
Бейбіт өмір сүргендер,
Қадірін соның білсінші
Ниеті түзу шын адам.
Елбасы аман тұрғанда,
Елімнің тұрар туы аман!
Өмір берсін жалпыға,
Сабыр берсін патшаға.
Бізде осы жігіт көп
Айтқаны жүрген Алашқа.
Арғымаққа міндім деп,
Арттағы достан адаспа!
Кедей халық, бай халық,
Елдің қамын ойлайық,
Таласпайық Сенатқа.
Тоқтықта жеген етіңнен
Қарап тұрсаң жақсырақ,
Жетпейді аштықта ішкен шалапқа.
Елбасын біз де қолдайық,
Бағы ғой біткен басына.
Аллаһу акбар, әумин,
Арабша сөзді айтқанда.
Біраз үлгі айтайын
Кәріге де, жасқа да.
Ақылым жұрттан асты деп,
Кеңеспей сөзді бастама.
Өз патшаңды жамандап,
Жамандықты бастама.
Мен осыны айтар ем
Әр түрлі газет-баспаға.
Тамыры бір қазақсың,
Тамыр деген болмай ма
Тауда жатқан таста да?!
Өмір берсін халқыма,
Сабыр берсін патшаға.
Аманжол:
Шың басын көрік беріп жапқан шынар,
Дулығалы ер астында шапқан шұбар.
Кешегі Тезек төре ақынына
Құндыз бөрік, шапанын жапқан шығар.
Жалаң бас бейнелеген суретшіге
Сүйінбай да өкпелеп жатқан шығар.
Болғанда Жамбылдардың сен сынығы,
Бөрік кисең болмайды ерсілігі.
Сүйінбайды жалаң бас бейнелесе,
Ол дағы суретшінің кемшілігі.
Саңылақ Сарыарқадай алаптанмын,
Алатауға келгенде қанаттандым.
Аламанда бәйгеден озып жүрген,
Ермек-ау, жүйрігі ғой арабтардың.
Шыққанда арыстандай айға атыла,
Ерлердің ұлт сүйсінген айбатына.
Қазақтың ат өнерін өркендеткен
Мың алғыс Сатыбалды Қайратына.
Мұң кешіп жүрсе-дағы жұрт қаңғырып,
Безбүйрек тұра берер мұрттан күліп.
Жанартау боп атылар төзім бітсе
Қазақтың қанындағы ұстамдылық.
Жемқорлық, сыбайластық жоғалмайды,
Шенділерде болмаса ұлтжандылық.
Турасын айта білсем тіліп тұрып,
Жібермес уақыт оны ұмыттырып.
Көк бөрілі түркінің тұқымымыз,
Керілген ай астында ұлып тұрып.
Қарақұс балапаны түлкі алмайды,
Тұғырдан ұшырсаң да шынықтырып.
Батысша білімділер көп болғанмен,
Болмай тұр көбісінде біліктілік.
Саусақпен санарлықтай асылдар бар,
Сақтаған ар-намысын тұнық қылып.
Ұлтыменен мақтана білген ұлды
Қазағым топқа қосқан күлік қылып.
Ұлтжанды ерлер көбейсін елім үшін
Беретін бір бүйрегін жұлып тұрып.
Иманғали секілді халқын сүйген
Қазаққа керек боп тұр қырық жігіт.
Заманда маңдайыңнан жиі тепкен
Тарихқа көз салайық сыйы жеткен.
Хан Кене мен Махамбет халқы үшін
Бас тігіп, ғазиз жанын қиып өткен.
«Қалың елім, қазағым», – деп жырлаған
Ұлт үшін ұлы Абайдың түйіні өктем.
Алаштың көсемдері ұлтты ойлаған
Заманда алмағайып, құйыны өктем.
Қайран абыз қарттар-ай, ел қасиетін
Баланың құлағына құйып өткен.
Өткеннің өнегесін үйренсеңші,
Шенділер елдің құнын тиын еткен.
Ұлтын сүю арқылы ата-бабам
Бес күндік бұл өмірден биік өткен.
Ермек:
Ақын едің талмай сен шабатұғын,
Айтып жүрген талайға сан ақылын.
Шалбай мен Талғарды айтып қоймадың ғой,
Болмады ма басқаша табатының?
Көршінің үйі өртеніп жатқан кезде
Көршідей бас үйітіп алатұғын.
Аманжол, не күтесің осы менен,
Жігітсің Арқадағы қосы берен.
Екеуміз бір қазақтың баласымыз,
Айтысайық көңілдің қошыменен.
Қарасай атам жатыр Сарыарқада,
Ағынтай серт байласқан досыменен.
Мен де отырмын өзіме сенетіндей,
Сен де отырсың өзіңе сенетіндей.
«Жекпе-жек» деп атапты бұл айтысты,
Жекпе-жекте біреуіміз өлетіндей.
Сыйласып сен екеуміз елді айтайық,
Біздің ел ел біткенннің төресіндей.
Топан су қаптаса да тоқтамайтын
Кәдімгі Нұх пайғамбар кемесіндей.
Соны біліп жан сақтау үшін бізге,
Барлық әлем жиналып келетіндей.
Бұл елде талай нәсіл жамырап жүр,
Көмектес деп қазаққа аңырап жүр.
Басқаны бір-біріне айдап салып,
Ақылшы айла құйрық Абрам жүр.
Талайлар заңсыз келіп жырбыңдап жүр,
Өзім деп тұз бермейтін өзбек те жүр,
Суың көп деп су бермес қырғыз да жүр.
Аманжол:
Жан едім бұрын жеткен ұзап басып,
Сөйледім кеудемдегі бұлақты ашып.
Жақын кеп жөнін айтқан азаматпен
Жақсы жігіт жатпайды тұзақтасып.
Бар қазақ бірге жүрсін бұл өмірде,
Қарасай Ағынтайдай құшақтасып.
Ел едік күн астында көшіп өткен,
Билері даналықпен кесім еткен.
Жетім менен жесірлердің мәселесін
Бабалар мейіріммен шешіп өткен.
Тек біздің әділетсіз қоғам ғана
Шет елге бала сатып есі кеткен.
Апыр-ау, түйе құрлы болмадық па
Ботасы үшін теңізді кешіп өткен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу