Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  69


Автор: Ұлықбек Есдәулет

МАХАББАТ ДЕБЮТI

Шым көгерiп,
Көбейген соң көбелек,
«Қыс та кеттi-ау,
Жаз да жеттi-ау» деген ек.
Көгалдағы гүл үстiне не керек,
Бүгiн, бiрақ... қар жауып тұр себелеп.
Қар тиген гүл құлай жаздап тұр әрең,
Қалай-қалай өзгередi мына әлем?
Сен де бүгiн кетiп қалдың өзгеге
Кеше маған «кетпешi...» деп жылап ең.
Жалғыз тамшы жанарымнан түстi ағып,
Бiр күш менi саған қарай ұшты алып.
Кеше ғана «сүйем...» деген ерiнiң,
«Сүймеймiн» деп тұрды бүгiн сұстанып.
Ну сезiмiм селеудейiн селдiреп,
Қызыл гүлге қарай бердiм мен жүдеп.
Мамыр қары нақақ көздiң жасындай,
Жауа бере, ерiп жатты мөлдiреп.
Үмiттенiп тұрмын, бiрақ
«Ерке лақ,
өрiсiне оралар деп, ертең-ақ...»
Келер күнге артпай ма үмiт осылай,
Жас дебютшi алған кезде ерте мат?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу