Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  59


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Арбатта емес...

Арбатта емес,
Мен туыппын арбада,
Жол үстiнде шыр етiптi сар бала.
Арнап жүрген ақсарбас қой қалжаға
Дәл сол күнi жем болыпты қарғаға.
Мен туды деп миземептi нар дала,
Күн де басын иземептi таңдана.
Ертiстiң де ақ толқыны жалдана
Жылдағыдай жосылыпты арнада.
Мен туыппын, жол үстiнде, арбада,
– Сүйiншi! – деп жазбапты ешкiм жарнама.
Қалжа таппай тұрғанда әкем арлана,
Жалғыз қойын жайратыпты жарлы аға.
Мен туыппын жол үстiнде,
арбада,
Май қарсаңы, сәуiр айы, жер қара.
– Кiм екен? – деп,
– Туыпты, – деп, – ер бала!
Бiр серпiлiп қалысыпты ел ғана.
Жеткiзсе де арлы әке мен жарлы аға,
Сан адастым,
сан соғылдым жарға да,
Сан таңылдым өзiм туған арбаға
Сан жем болдым қиянатшыл қарғаға.
Қатарымнан қалыспадым қармана,
Қанағат қып өстiм жоққа,
барға да.
Көктемдегi көктiң бұлты торлама
Аспанымнан айыққан жоқ сонда да.
Жол үстiнде келедi әлi сол бала,
Жол үстiнде өледi әлi сол бала.
Кешiрiңдер, Арбат,
Лувр,
Сорбонна,
Маған ыстық өзiм туған сар дала!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу