Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  84


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Кезiм бар менiң iштен тынатын...

Кезiм бар менiң iштен тынатын,
Кiтаптай ешкiм парақтамаған.
Кезiм бар кейде
Түссем – сынатын.
Айнадай алтын жалатпалаған.
Ашынсам кейде садақ та болам,
Қылыштай тiптi жалақтап алам.
Өш ала алмаймын ешкiмнен, бiрақ
Өшiмдi келiп шараптан алам.
Қалқансыз көңiл, сауытсыз жүрек,
Қалады кейде жазықсыз жүдеп:
Ақ түнде жауған ақша қарымды
Тастайды бiреу жарықсыз күреп.
Өкпе-бауырым суырылады,
Өмiрге кейде қарағанымда.
Қарадай апшым қуырылады,
Жарамды иттей жалағанымда.
Отқа жанбайтын, суға батпайтын
Құз болып сосын төнiп бағамын.
Отқа жанбайтын, суға батпайтын
Мұз болып, бiрақ ерiп қаламын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу