Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  67


Автор: Жанат Әскербекқызы

Тымық түнде күбірлейді не деп қыр...

Тымық түнде күбірлейді не деп қыр,
Қытықтайды қойнындағы бөбек-гүл.
Боз сәулесін пейілімен ақтара
Толған айды зәулім терек демеп тұр.
Балғын қайың сыбырлайды тәтті үнмен,
Сылдыр қағып, бұлақ сөйлер шат тілмен.
Түн құшағы – түпсіз, түпсіз тұңғиық,
Тұңғиыққа қиялыммен баттым мен.
Мұңлы аққудың талып жетті сұңқылы,
Қос жүректің жиілейді бүлкілі.
Жапырақтар бәйіт оқып сыбырлар
Бұл – ғажайып мың бір түннің бір түні.
Шаһ-теректің бойын алған дерт еді,
Сонда дағы ай-аруға елтеді.
Шырын лебіз аппақ нұрдай төгіліп,
Шаһризада ертегісін шертеді.


Жанды баурап әфсанасы не түрлі,
“Айтшы-айтшы”-лап жұлдызкөз түн өтінді.
“Үзілмесе екен үні” деп тілер,
Балғын қайың – Дүниязада секілді.
Ұйқысырап, күбірлейді не деп қыр,
Құшағында маужырайды бөбек-гүл.
Басын шайқай тамсанады падиша
Бекзат сұлу ойға бастап ерек бір.
Бар қаһары сезіміне тұншығып,
Жан дертінен кеуде жара күрсініп,
Ұмсынып ед, бауырына басқалы
Бұлт етті ару, болар-болмас қымсынып.
Қалды терек, есін толық жия алмай,
Таң білінді, жанына нұр құярдай.
“Келер күнде қауышармыз” дегенді,
Ұқтырады ай, балдай сәтті қия алмай…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу