Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  92


Автор: Мақпал Жұмабай

Тамыз ауғанда қараша күзге

Тамыз ауғанда қараша күзге
Бар еді барлық тамаша бізде.
Қарлығаш апай сабақтан қашқан
Сұрайтын еді араша бізге.
Лала гүл басты қыратты тағы,
Бұлықсып шықты бұлақтың әні.
Парталас досым келмеске кетті
Бұрымнан тартып жылатты-дағы.
Ерке күндердің елесін салдым.
Етегіме жақты бояуын шалғын.
Ертегілерге сенетін сол бір,
Есімде қапты балалық балғын.
Дақ түсірмедік өр сезімге біз,
Ұядан ұштық, ел шебіндеміз.
Үлпілдеп тұр ғой үкілі сезім
Себебі, біздер он сегіздеміз.
Заңғардың сездім айбыны барын,
Аққудың сездім айдыны барын.
Қарлы құйынмен бетпе-бет келіп,
Аңғарып қалдым қайғының барын.
Сезімнің тұнық аспанын кезіп,
Жаныма бүлік тастады сезік.
Мен саған қарай жүгірем,Бақыт,
Ана көзінде жас барын сезіп.
Бекер-ай, бекер
егіліпті арман,
Кірпіктен бар шық төгіліп қалған.
Мүсіркеп кеттім қайғыларымды
Қуаныштарымнан жеңіліп қалған




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу