Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  93


Автор: Талғат Орманов

От ауызды, орақ тілді...

От ауызды, орақ тілді,
Түп нағашың Тұрысбек.
Әулетінде тік тұратын,
Қонған бақ қой, - ырыс деп.
Әкем Садық, дәл осылай,
Дәріптеуші ед, сылыңғыр.
Қайсар жігіт жайлы солай,
Жақсылығын ырыс қыл.
Сол бір айтқан сөздерінен,
Ұққаным да шамалы.
Отты шашқан көздерінен,
Құтылу бәлкім, амалы.
Деп ойлаушы-ем, әкем неге,
Неге? Сонша мақтаған.
Сөйтсем, қойны толған тарих,
Сыр сандықта сақтаған.
Жан екенін білгеннен соң,
Мен басқаша қарадым.
Жүрегімде еріді тоң,
Оған деген қарағым.
Қалай соны, мойындадым,
Алға тартты көшім де.
Арман-мақсат ойымдағым,
Орындалды есімде.
Көп сөйлейтін сол әулетте,
Адуынды еді Тоқтыбай.
Атам еді жоқ дәулетке,
Бағым ба еді, бақ Құдай.
Айтқан сөзі адам бол деп,
Әлі күнге жадымда.
Шежіре жаз, ақын бол деп,
Сөзі айналған сағымға.
Қарапайым қарауылдың,
Ой-толғамы биікте.
Тұрысбектей жарау ұлдың,
Жиеншары күйік пе?!
Бас кететін шақта тұрпы,
Мысын талай басыппыз.
Енді ойласам, атам рухы,
Қолдап белден асыппыз.
Қайдан келген дүлей қуат,
Өз-өзіме таң қалам.
Білген жанға біз бір суат,
Шөл қандырған жан балаң.
Қарабігіз көп сөйлейді,
Кешегі ұл кекілді.
Айтар ойы тек көбейді,
Биік қонар секілді.
Ғашық ғұмыр, Айдай әлем,
Шақырады алысқа.
Саған кезек келді, балам,
Бәйгеге түс, қалыспа.
- Деп сыбырлайды, атам үні,
Құлағыма келгендей.
Сәйгүлікпен топ жарайын,
Сипатпай-ақ, сауырын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу