Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  61


Автор: Байыт Қабанұлы

ЕЛДІҢ МҮЛКІ

Сырқаттандым.
Жүрек құрқыр жүзді алмастай жарқ-жұрқ етіп
ұрып-соғып дегеніме көнбеді,
Қысым түсіп, қайта аспандап
тамырымды талқан етіп кететіндей кернеді.
Адамдардың аяқ басқан сыбдыры да
балтаменен басқа ұрғандай
жан жүйкемді тоздырып,
Үлпілдеген үмітімді барған сайын
табанға сап бара жатты
өлшеулі өмір шеңгелі.
Киген кимім, жатқан орным жан жағымнан
қыспаққа алып ақылымды жимадым,
Аласұрып жанталасып
жалпақ мына дүниеге симадым.
Дәрігерлер екпе егіп, сұйық жалғап
барын салып жатса дағы
тәуір болмай қинадым,
Үміт үзіп
дәрігерге былай дедім,
бұл бейнеттен айығуға
ойластырып басқаша бір күй қамын:
- Мына өмірге адам болып
алғаш қоныс тепкелі,
Басымнан не өтпеді.
Ақын болып еңбек еттім
аз дарыным бірге жетіп, бірдемеге жетпеді.
Енді міне ауыру кеп жайлап алды,
«жол жүруге» дайындалдым кеткелі...
Өзімді емес қамын ойлап
қалың қауым баршаның,
Қол жетпеске қол сермедім,
адалдықты аңсадым.
Қиындықтың қия белін
қайсарлықпен басып өттім қанша мың,
Әйтсе де енді демалайын
дәрігер інім бөгей көрме
қалжырадым, шаршадым.
Тоқтат мына дәрі-дәрмек жәрдеміңді,
енді мені қинама,
Маған көмек етіп жатқан
аппарат та тоқтатылсын,
алып таста жина да.
Алмақ екен алсын мейлі,
қарсыласып не қыласың ажалмен,
Ілесейін өлім деген жіпсіз жетек, бұйдаға.
- деп сыбырлап әрең-пәрең айтып едім,
ішімдегі бар сырымды суыртпақтап сапырып,
Мені тыңдап жәй отырған дәрігер інім
найзағайша жарқ етті де
бар ашуын шақырып:
- Жап аузыңды,
менің сенен естімегім осы ма еді
құтқармаққа тер төккенде неше күн,
Неменеге келдің онда
үйде жатып өле бермей...
- деп күйінді ақырып.
Содан кейін бөлме ішін кезіп кетті
бар айласы таусылғандай сандалып,
(Күлім қағып ажал менің қасымда тұр
қарсылас жоқ оңай жанды
уыстауға қарманып)
Дәргер жігіт сыбыр-күбір, сыбыр-күбір...
бір арманы бір арманға жалғанып,
Қасыма кеп отырды да
маңдайыма қолын қойып
сабырлы бір қалыппенен былай деді,
жанарында жалын өрті жанданып:
- Кешір аға, жаралуың басқа жансың
жан сезімің жарқылдаған жай-жасын,
Тілейтінім: Кеудеңдегі сол жай-жасын
суықтарды қайнатудан,
шикілерді пысырудан таймасын.
Білесің бе, саған Алла теңдесі жоқ
асқақ дарын бергенде:
«Барша адамзат көрсін» - деген пайдасын.
Ақын – арман мен өзіңе жалынамын,
өтінем шын кешірім,
Сенің еккен егініңнің ел көреді өсімін.
Жан тіріде жатпай, тұрмай
жалпы көпке ететұғын қызметіңді бүтін ет.
Ең ғажабы: Тыныш жатар демалыстың
сен айтпайсың шешімін.
Нені тілеп, не таңдайды
сенің жүрек талғамың,
Еш бөгет жоқ солай қарай самғағын.
Үнсіз оңай өле салу еркің емес.
Себебі:
СЕНІҢ ЖАНЫҢ
СЕНІҢ ЖЕКЕ МҮЛКІҢ ЕМЕС ардағым.
Алла білер аз ба, көп пе ішетұғын суыңды,
Әйтсе дағы желбіресін биік ұста туыңды.
Мүмкіндігім жеткенінше өміріңді ұзартуға
мен әрекет жасайын,
Сен талпынып
көпшілікке қажет болар тудыр асыл туынды.
- деді дағы менің суық тер құйылған маңдайыма
қойып тұрып маңдайын,
Оты сөнген жанарыма көзін қадап
сәл тоқтады аса тығыз сөз айтпаққа дайындалған
жандайын.
Сосын:
- Сенен сырлы сандық жыр дәметкен
мына қалың ел тұрғанда
өлімге оңай кете алмайсың ақыным,
Жанарыңнан от көрінсін
аз дегенде қараңғыда жарқыраған шамдайын.
- деп күлімдеп барша істі бітіргендей
жайлап басып шығып кетті бөлмеден,
Дәл осы бір қас қағым сәт
періштеге айланғандай
болып бара жаттым дертті пендеден.
Маңдайыма қан жүгірді
аппақ болып суық термен терлеген,
Жүрегімнің соғысы да қалпынша боп,
ыстығым да түсіп бара жатты
өзекке өрлеген...
Әй тағдыр-ай,
заңы өзгеше, бір-ақ сәтте
запыранды зарын төккен заңғардың,
Адамзатты неше түрлі сынға салып
шек-шеңберін тауысатұғын
тағаты мен талғардың,
Көзімді аштым, көңілімнің көк жалауын
көкке қарай ұшырдым да
кеуде кере дем алдым,
Ақын жаны менің емес
қара шобыр оқырманның мүлкі екенін
сонда ғана аңғардым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу