Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  156


Автор: Байыт Қабанұлы

БОТАЛАРЫМ, ҚҰЛЫНДАРЫМ

Айналайын боталарым,
құлындарым - жандарым,
Асқақ болсын армандарың,
ашық болсын таңдарың.
Алдарыңда алмағайып
жақсы-жаман күн жатыр,
Нар атандай көтеріңдер
өрт өмірдің салмағын,
Біз сендерге көп тіледік сенімділік сетерін,
Мықты ұстаңдар арқан-бауын
адал таза некенің.
Өмір деген жоны биік, жолы тастақ дүние,
Қиыр жолдың қиындығын
жетектесіп жеңерсіңдер екеуің.
Бүгін сендер бұлақсыңдар
айдын шалқар дария боп ағыңдар,
Жас шағыңда сайрандаңдар
бақ, қызыққа қаныңдар.
Бақыт деген алыста емес
өздеріңнің қолдарыңда тегінде,
Соны іздеңдер жаңылмаңдар
дөп басыңдар табыңдар.
Ежелден-ақ болып келген ұлы өмірдің ұраны,
АР деген бір ғажайып бар
ұлылықтың сыңары.
Адам болу, адал болу ол бірінші мақсатың,
Арлы болу одан дағы жоғарырақ тұрады.
Қос балапан талпыныңдар
қос қанатты қомдаңдар,
Қорғанбаңдар ұш алысқа, аласаға қонбаңдар.
Хас алысқа жете алмайды
жаздың күні тоңғандар,
Қарғаларым ал екеуің
аязда да қалтыраушы болмаңдар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу