Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  77


Автор: Данте Алигьери

ҮШІНШІ ЖЫР

АПАРАМ МЕКЕНДЕРГЕ МӘЙІТ ТОЛҒАН,
АПАРАМ МӘҢГІ ЗАР-МҰҢ АРАСЫМЕН,
АПАРАМ ҰРПАҚТАРҒА ШӘЙІТ БОЛҒАН.
4 КӨСЕМІМ ХАҚ ШЫНДЫҚТАН НӘР АЛҒАН МЫҢ:
МЕН ӨЗІМ ТЫЛСЫМ КҮШ ПЕН КЕМЕЛ БІЛІМ,
АЛҒАШҚЫ МАХАББАТТАН ЖАРАЛҒАНМЫН.
7 ТЕК ҚАНА МӘҢГІ ДҮНИЕ – МЕНЕН КӨНЕ,
МӘҢГІЛІК ҚАНА – МЕНІҢ ТЕҢЕСЕРІМ.
КІРГЕН ЖАН, ҮМІТТЕНБЕ, ЕЛЕҢДЕМЕ.
10 Оқыдым кіреберіс маңдайынан
Жазуды, күңгірттене таңбаланған;
Тіл қаттым: «Ұстаз, сөз айт мән-жайынан».
13 Зерделім жауап айтты сауалыма:
«Бұл жерде болу керек рухың мықты,
Бұл жерде көнбе үрейдің ауанына.
16 Мен саған көрсетуге сөз бергенмін
Мәңгілік қалай азап кешетінін
Қол үзіп нұрлы ақылдан, өзгергеннің».
19 Қол созды ол, күмәнімді тап басты да,
Сабырлы жүзін бұра, қарап алып,
Кіргізді көзден таса қақпа астына.
 22 Ащы зар, ызалы айқай құлаққа ұрды,
Жұлдызсыз түнек ішін жайлап алған;
Әуелде жүрек жібіп, құлақ тұнды.
25 Осында – барлық тілдің балағаты,
Үрей де, қиналу да, қыстығу да;
Естілер алуан-алуан адам аты.
28 Бар дәуір кеткен мұнда сапырылып,
Зар қағар әруақ біткен қапастағы,
Түнектің құрсауында жапырылып.
31 Үрейден ес жия алмай миыма ұрған:
«Бұл кімнің айқайы? – деп әрең айттым. –
Бұл кімдер мәңгі азапқа бұйырылған?»
34 Жолбасшым айтты: «Оларға алаңдама,
Сүмелек сорлылар ғой, тірлік кешкен
Жанаспай жақсыға да, жаманға да.
37 Осында – жын-перілер аласталған,
Не қолдап, не қолдамай Жаратқанды,
Сын сәтте аңыс бағып, қалас қалған.
40 Бұларға қарысты аспан қасаттанып,
Тамұқ та жолатпайды; олай етсе,
Кетпей ме кінә атаулы масаттанып?!»
43 Сұрадым: «Байғұстарды зауал ұра,
Осынша зарлатардай жазығы не?»
Ол айтты: «Қысқа мұның жауабы да.
 46 Бұлардың көзі ашылмас тауқіметтен,
Бұйырмас маңдайына бұйрықты өлім,
Бара алмас бағытына зауқы кеткен.
49 Бұларды ойға алмайды жер беті де;
Ешкім де қажет қылмас сорлылар ғой,
Өте бер, көз таста да келбетіне!»
52 Көз салғам, нөпір көрдім тым алыстан,
Жүгірген құйынперен шыр айнала,
Бейбақтай қанішерге құрақ ұшқан.
55 Шұбырған адамдардың қарамынан
Шошыдым; көремін деп ойламағам
Сонша адам сұм ажалдың аранынан.
58 Кезікті жүзтаныстар; бірін анық
Таныдым, құдіретті үлесінен
Безінген, ынжықтығы қырына алып.
61 Түсіндім жаннан безе зарлайтынын
Осында сорлылардың және оларды
Не құдай, не ібіліс алмайтынын.
64 Тірлікте түкке алғысыз міскін еді
Бұл тобыр; бұл жақта да тыржалаңаш
Денесін шыбын-шіркей піскіледі.
67 Қанды жас көздерінен сорғалауда;
Құжынап, быжынаған құрт-құмырсқа
Құныға қанды іріңге, жорғалауда.
 70 Қиырдан: тасқын суға көміліп құр,
Ұмтылған тобыр көрдім дарияға.
«Ұстазым, – деп тіл қаттым, – жөнін ұқтыр.
73 «Мыналар кім болды екен? Неге құдай
Бұларды толқындарға тоғытуда?
Алыстан көрінеді неге бұлай?»
76 Ол айтты: «Өзің қамдан бағалауға,
Жеткенде Ахеронға, маңдайымыз
Тигенде қасіретті жағалауға».
79 Жанарым жер шұқыды, сырымды аша,
Мезі етіп алмау үшін тілім тістеп,
Жол тарттым жағалауға сұрым қаша.
82 Қайығы бізге қарай бағытталған
Қудай шал қарғап-сілей жақындады:
«Сорлы әулет, мәңгі азаппен қамытталған!
85 Көкті ұмыт, жолыққан соң маған мына!
Қайығым жеткізеді сендерді енді
Бақилық аяз, аптап, қараңғыға.
88 Әрі кет, сен аяққа болма оралғы,
Тіріні өлілерге қоса алмаймын!» –
Деді де, маған айтты жол-жоралғы:
91 «Адасып келгендейсің жол ұшына;
Жеңілдеу қайықты іздеп, тапқаның жөн,
Сол – сені жеткізетін қонысыңа».
 94 Жолбасшым айтты: «Харон, қабынбағын.
Күтуде мұны ана жақтағылар,
Жөн болар сөзді қойып, бағынғаның».
97 Қалшиды түкті өңін өрт шарпығандай
Қасірет өзенінің қайықшысы,
Жылан көз ызбарланды қарты қалмай.
100 Жалаңаш қаңқа жандар, күл іреңді,
Түсініп бұл үкімнің бұлтартпасын,
Тіс қайрай ызаланды, күңіренді.
103 Шуласты нәлет айта құдайға да,
Өздері тірлік еткен ғаламға да,
Әулетке, топыраққа, күн, айға да.
106 Содан соң, зар еңірей ұмтылысты
Өзеннің толқынына жұтылмаққа,
Сескенбей құдайдан да ырқы күшті.
109 Кәрленді шайтан Харон қаңқаларға
Шоқ шаша көздерінен; ескегімен
Сабалай қуалады қалқа – жарға.
112 Күз жетіп, жапырақтар төгілгендей,
Тұлданып, сәні қашқан сидам шетен
Киімін жерден көріп, егілгендей, –
115 Сор кешкен Адам-ата нәсілі де
Төменге ұмтылысты құстарға ұқсай,
Айналған тор-тұзақтың нәсібіне.
 118 Бұлар да тұра бермей көп ырғасып,
Қайықты қозғалтқаны сол-ақ еді,
Жағаны кетті жаңа тобыр басып.
121 «Ұлым, – деп тіл қатты ұстаз, жасымады, –
Құдайдың қаһарына ұшыраған
Пенде де, ел де осында асығады.
124 Өзенге килікпеуге бәрі де асық;
Алайда Құдіреттен қысым келсе,
Қалады үрейдің де кәрі жасып.
127 Басқа жол бар таупықпен күн кешкенге;
Ұғарсың Харонның не меңзегенін
Өзіңмен сонша қатал тілдескенде».
130 Сәл үнсіз қалып еді ол, жалын – ағын
Теңселтті дүниені; ойыма алсам,
Қазір де қара терге малынамын.
133 Жел құйғып қара жерде, сиқы қашқан
Қасірет шөлінде от ойнақтады,
Сезімді құмықтырды, үйтіп аспан;
136 Құлаппын мен де адамша ұйқы басқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу