Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  81


Автор: Есләм Зікібаев

Баладай көрінетін кеше еліне...

Баладай көрінетін кеше еліне,
Танымастай өзі ғой десе, міне,
Ол да рас, уақыт табын қалдырыпты
Алғандай кəріліктің есебіне.
Соғысы бар, одан да зор ісі бар
Əрі ісің қайталанбас соны жағар.
Ұмытып сол күндерді – сор күндерді
Болмыстан таптық па екен толысып əр.
Ой-қырым өре салып меселіме
Шошына қарайтындай кешегіме,
Бір мінез тапқандаймын сенер, сенбес,
Əлде бұл да уақыттың кеселі ме?
Азайтып айналамнан құрдасымды,
Мазайтып бурыл тартқан бұл басымды,
Той іздегіш көңілді ойға бұрып,
Сағындырар кез бе шын сырласымды.
Ізін, түзін таптырмай көп қиялым
Арманым адастырып, құмға сінді.
Мимен де арпалысып, жүрекпен де,
Ұйқыдан да ояндық жүдеп кейде.
Масайрап мəз боламыз мағынасыз
Əйтеуір күн өткенге, жыл өткенге.
Айта алмай алмағайып айтарыңды,
Көңілге тұндырасың қайта мұңды,
Кебісің көнге айналып тарылғандай,
Қушитып құрыстырар байтағыңды.
Қойдан жуас, түсесің қалыбыңа
Құдырет қағып-сілкіп шайтаныңда.
Тағдырдың толып жатқан жар, өткелі
Басыңнан арылмайтын əлек пе еді,
Арынды, асауды да ауыздықтар
Өрліктің де екен-ау бəрі өтпелі,
Таң қалам өзіме өзім қарап тегі.
Күш қайтып, қуат кеміп ақыр менен
Қауқиған қуыс қурай, пақыр денем.
Жатпен де, тіл табысып жақынменен,
Күн кешіп жатқандаймын ақылменен.
Кей-кейде қайрап қоям намысымды
«Көрсетсеңші тағы бір шабысыңды!
Осындай бола ма екен ақыр деген?»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу