Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  322


Автор: Жанат Әскербекқызы

Ертістің бойы...

Ертістің бойы ертегі ме еді,
Жезтырнағы бар жез жүрек.
Үрейлі күйді шертеді желі
Сұмдық бар жалғыз көзді деп.
Толықсып тоғай тербелер баяу
Шайылып тәні жаңбырмен,
Пиғылында жоқ пенделерді аяу
Мыстанға кез боп қалдым мен.
Ертістің бойы мекенім еді –
Ендігі қоныс қайдан-ды,
Толқынын сүйген етегім еді,
Тұңғиығында ой қалды.
Ізденген жел кеп ілді етегімді,
Секемшіл көңіл үркіді.
Ізімнен қалмай індете қуды,
Мыстан күдіктің күңкілі.


Қайтемін тағып жалғанға мінді,
Мыстаннан қаштым түнді аттап,


Толқынына ұрдым сорлы арманымды
Орамалыма құндақтап.
Ертістің бойы ертегі деді,
Жезтырнағы бар, дәуі бар.
Естір құлаққа шер төгіледі,
Иесін іздеп тауып ал...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу