Өлеңдер ✍️
Өмірзая өксіді...түн егілді...
Өмірзая өлді деп өксіме жел,
Таңда қайта ол туады Шолпан болып...
Светқали Нұржан
Өмірзая өксіді...түн егілді...
Қара түннен үзе алмай шідерімді
Ұмтыламын таң жаққа, кідіртуге
Құбыланы бетке алған бұла өмірді.
Өмірзая ғарышқа кетті сіңіп –
Жанның жоғын тұрғандай Көк түсініп.
Түнді тастап шыға алмай қамаламын –
Уысымнан ай-жұлдыз кетті шығып.
Тұнып тұрған секілді ғалам мұңға,
Сансыраумен бөлінсе санам мыңға
Өмірзая қарайды Шолпан болып,
Сонау көктен... беймаза таң алдында.
Шолпан болып дүния жылады бір,
Шолпан деген – түнектің шырағы бұл.
...Қарайламай кетеді-ау мұңлық түнге
Құбыланы бетке алған мына ғұмыр.
Түннің жанын текке мен жаралаппын.
Көкжиекті жүргенде жағалап күн
Белдеуі жоқ белгісіз бір ғайыпқа
Түнмен бірге жұтылып бара жаттым...
Жалған дүние бәрін де ұмыттырды,
Тұнық күнді, тағы да тымық түнді.
Өмірзая... көз жұмған кешпен бірге
Таң алдында Шолпан боп күліп тұрды...
Өмірзая – Шолпан-ай...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter