Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  122


Автор: Есләм Зікібаев

ƏКІМ МЕН АҚЫН

Ақын біткен əкімдікті аңсаумен,
Əкім біткен ақындықты аңсаумен
Қиғаш-қиғаш ғұмыр кешіп келеді,
Шалыс басып шалдығумен, шаршаумен.
Менмендіктің, сенгендіктің кеселі –
Маңдайына бақ біткендей бес елі,
Үкілеген əкім еді кеше елі.
Тағы кетіп, өзіміздей пенде боп,
Шаң ұрғандай, шағылғандай меселі.
Əр сөзіне ұйығандай кеше елі,
Ақыннан да асқақ еді көшелі.
Ерегесіп, жыр жазуға бет қойды,
Əттең, əттең, кеш еді.
Ақындар да əкім болсам деседі,
Суырылғанда Сыр суындай еседі.
Бірді бірге ынтықтырған тағдыр-ай,
Қайткенде де бар əркімнің өз есебі.
Қайткенде де əркімнің бір есебі –
Жемге емес, жеңге қарап өседі,
Суырылғанда Сыр суындай еседі.
Емеуріні елді аузына қаратқан
Ақындар да əкім болсам деседі.
Жеткізбесін білсе дағы Күн, Айдың,
Былайғы елге секілденіп шын айбын,
Аспанға алыс қол созады, пəтшағар,
Əу бастан-ақ əкімдікті ақынға
Біле тұра қимайтынын Құдайдың.
Бар билікті уысына жинаған
Əкім, рас, елден ерек сыйлы адам.
Ол да пенде, ақындықты мансұқтар,
Бағын, тағын... бəрін, бəрін қиса да,
Бірақ Алла ақындықты қимаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу