Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  92


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Мағжан

Мен - Мағжан...
Өткен өмір - түс, міне.
Бас игем жоқ. Уақыт деген күштіге:
Жарты ғасыр жерде жатып... Исадай
Жанталасып шықтым жердің үстіне!
Қан суша ағып, ойран көкте оқ ұшып,
Өмір бойы өттім сұммен соғысып.
Ашып қөрсең қанды жара - қу жаным.
Өмір бойы өттім сұммен соғысып:
Мұсылманның, христиан, будданың
Тұма жыры тұла-бойға тоғысып.
Қаным қайнап, қалжыраған денем де,
Жүрек бітіп шерлі өлеңге - шеменге -
Иман айтып елеңдеп ем, бір кезде
Иса қайта тіріледі дегенге...
Исаң - міне! Көр, адамзат, көркімді,
Зіл-залаға жағам тамұқ-өртімді.
Бәрімізді көрсетті де Иуда,
Бәрімізді Понти Пилат - өлтірді!
Исамын - мен!
Кресіңе іл, мейлі, -
Көтере алмас!
Менің тәнім - зілдей-ді.
Сансыз елес сапырылған көңілде:
Иуданың кім екенін өмірде,
Менен артық тірі пенде білмейді!
Талай-талай құшақтасқам онымен,
Талай-талай пышақтасқам онымен.
Әуре болып жүрем бе деп сонымен,
Түгі жоғын білгеннен соң сүйсінер
Түріне де қарамайтын болып ем...
Әлі есімде оның түрі-түсі де,
Тимей, тиіспей жүре алмайтын кісіге.
Қара басып, жан екен деп менсініп
Қалай соның қарамағам ішіне?
Құдай қосқан құрбаныңмын мен сенің,
Құлын-тайдай құрақ ұшқан, беу, сенім!
Көзіме ілмей, күлді-көмеш пендеден,
Түу, тәйірі, не шығады деуші едім...
Ел қоштаған пәк Музамды қоштамай,
Құдайымның маған соны қосқаны-ай!
Біржан салға қамшы ала жүгірген
Осы екен ғой адыраңбай Поштабай!
Бүкіл адам бір тіріліп, бір өліп,
Бүкіл қоғам тығырыққа тіреліп, -
Азнабайлар миығынан күледі,
Поштабайын тапыраңдатып жіберіп!
Тағдыр мені тулақ қылып иледі,
Тырнағыма неге тықты инені?
Шетсіз шексіз жерім бар ед - мола боп,
Елім бар ед - оны да Елтай биледі...
Уа, халқым, бұлбұл ұшқан бағынан!
Мен - Мағжан!
Жанымды бер,
Жалынам!
Құдіретті құдайым - Сен, бір кезде
Патшаны да жұлып алған тағынан!
Тыйып көз жас, көргенсіздік, сұмдықты,
Жан-тәніңмен жарылқап ең мұңлықты:
Патшаны да жұлып алып тағынан,
Құрттым-ау деп ойлап едің құлдықты...
Мына жүмбақ тіршілікке жетер ме ой,
Қан уыстап қатып қалған мекен ғой.
Николайдың суретінің орнында -
Сталин тұр!
Патша -тірі екен ғой!!!
Қош!
Өмірім - өңім емес - түс, мүлде!
Романовтан кетіп, тиген күш, кімге?
...Біржан салға қамшы ала жүгірген,
Қызыл мундир - Поштабайдың үстінде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу