Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  98


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Тірлікте бірде – дана...

Тірлікте бірде – дана,
Бірде – есермін.
Құдай-ау, бұған дейін кімге сендім?
Шарабын Әзәзәлдің өзі-ақ алсын,
Мен енді қымыз ішіп күн кешермін.
Бос кеткен жылдарды ойлап, айларымды,
Өткенге тісім қатты қайралулы.
Бір тәңір ойранымды өзі кешсін,
Отыз жыл салып өткен сайранымды!
Дүниеге салып жүріп сайранымды,
Жырладым отқа оранған ойларымды.
Құранның құдіретімен дінге сендім,
Мен енді тәңірімен тілдесермін.
Адамың жылан сынды аяр болса,
Аллаға сенбегенде –
Кімге сендім?!
Көргенде көңілім нұрға бөленбеген,
Пендемен пенде болып өлем бе мен?
Алланың айтқан сөзі Құран-Кәрім,
О дағы жазылған ғой өлеңменен.
Дүниеге салып өтіп сайранымды,
Көрсеттім оған не бір ойранымды.
Көрсетіп оған небір ойранымды,
Жырладым отқа оранған ойларымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу