Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  74


Жыға қыз

ҚУБАЛА МЕН ЖЫҒА ҚЫЗДЫҢ АЙТЫСЫ

Бөкейдің даласына құм қараған,
Жыңғылы мен жиде, үйеңкі, тал тараған.
Жыға мен Қубаланың айтысы екен,
Дегендей тілегенге тек сұраған.
Жайлауы Нарын екен Қубаланың,
Ісіне бар ма шара бір Алланың.
Біреу кеш, біреу ерте өліп жатыр,
Кез келер бәріне де жұмла жанның.
Жыға қыз жесір екен Қубалаға,
Басынан бақыт тайса, бар ма шара?
Айттырған жастайынан күйеуі өліп,
Кезі екен қана тұтқан, қайғы жәна.
Бір тойға келген екен көңлі сергіп,
«Қайғыны жоямын» деп уәде беріп.
Кез болып қайнағасы осы тойда,
Өлеңді қоя берген көңлі еріп.
Жығаны қайнағасы жаратпайды,
Сөйлесе мәнісін де қаратпайды.
Десе де арға шауып, жайлап баулып,
Өкпесі ішіндегі таратпайды.
Қыз Жыға Қубаладан жасқанады,
Сездірмей жөнсіздігін аспалады.
Тыңдаңыз құлақ салып, жамағаттар,
Айтысы екеуінің басталады.
Қубала сөз сөйледі өзі бастап,
Іркілмей қыз Жығаға өлең тастап.
Әйелдің беті ашылса ары кетер,
Басынан алайын, деп өзім жасқап.
Қубала:
Торының айыл, тұрман, тебінгісі,
Сөз сөйлейді әрбір жерде кемел кісі.
Тап болған заманыңа мен қайнағаң,
Ұялмай сөз сөйлей ме келін кісі.
Жыға қыз:
Қубала, бала десем, жігіт педің?
Басыңда ақ қалпағың түбіт педің?
Ішінде топты жұрттың келін дейсің,
Қубала, менен неге үміттендің?
Қубала:
Көрдің бе қыз Жығаның құтыруын,
Тазыдай жез қарғылы жұтынуын.
Мәріңе бала өгіз бір беріппіз,
Жығажан, қиын болар құтылуың.
Жыға қыз:
Басынан қоңыр төбе жуа аларсың,
Еліңе Жыға барса қуанарсың.
Қазірде өзімсініп жүргенменен,
Түбінде қыз Жығадан құр қаласың.
Қубала:
Басынан қоңыр төбе жуа аларсың,
Еліме бара қалсаң қуанарсың.
Қазірде дардайсынып отырсаң да,
Түбінде біздің елге бір барарсың.
Жыға қыз:
Қубала, олай десең үнің өшсін,
Тіліңнің болат қайшы ұшын кессін.
Қазақтай көп қарғысты мен білмеймін,
Біреуде құлшылықта күнің кешсін.
Қубала:
Жығажан, олай десең үнің өшсін,
Тіліңнің болат қайшы ұшын кессін.
Қазақтың көп қарғысын мен білем бе,
Әкеңнің оң жағында ішің өссін.
Жыға қыз:
Астымда атым мінген ақ боз атым,
Қолыма найза алғаным салтанатым.
Әкемнің оң жағында бала тапсам,
Болмай ма өл-өлгенше қолқанатым.
Қубала:
Астыңа атың мінген ақ боз атың,
Қолыңа найза алғаның салтанатың.
Әкеңнің оң жағында бала тапсаң,
Қалмайды өле-өлгенше жаман атың.
Жыға қыз:
Басында боз қырқаның зікір қылдым,
Құданың бергеніне шүкір қылдым.
Қубала, сөзге жетік аға едің,
Ұялып әйел басым пікір қылдым.
Бек айып ер жігітке қызды сөккен,
Беделін, ар-ұятын бірдей төккен.
Ебдейсіз қармағыңа ілінер ем,
Егер де өзің тауып келсең еппен.
Басыма жарасады құндыз бөркім,
Күнменен таласады күндіз көркім.
Қараңғы қайғы түніңде ай сәулелі,
Әр жерде жарық берген дүркін-дүркін.
Жыға едім атым шыққан жұртқа игі,
Әр жерде ерегіссем алған бәйгі.
Айтысып жесіріңмен жерге кіргір,
Салмашы жүрегіме тағы қайғы.
Жыға қыз Қубаладан жығылды енді,
Құданың салғанына мықтап көнді.
Көнбеске мәнісінде болар еді,
Алды да жау жағадан, қауіп төнді.
Бұл сөзге Қубала да қалды тоқтап,
Неғылсын аз бен көптің түбін жоқтап.
Әншейін тентектікпен айтылған сөз,
Жесірді қояйын деп тамам мықтап.
Мінеки, қара сия, қағаз, қалам,
Тыңдаса өлең әзір жұмла ғалам.
Есітіп екеуінің айтыстарын,
Құраған Мысай ақын етіп тамам.
Бұл өлеңді Мысай деген кісі құрастырса керек. Бірақ ол кісінің қай жердікі, қай ру, ол мәлім емес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу