Өлеңдер ✍️

  18.08.2022
  126


Автор: Нұрлан Қалқа

Бала ғашық

Сағындым ғой, бала ғашық өзіңді,
Құштарлығым барған сайын сезілді.
Болмасақ та Лəйлə менен Мəжнүндей,
Ойлай берем бірге жүрген кезімді.
Жеткізе алмай тұнық бала сезімді,
Келем мəңгі аңсауменен өзіңді.
Сағыныштың бесігінде тербеліп,
Сүрте берем жасаураған көзімді.
Қайдасың сен, бала ғашық, қайдасың,
Жылатпай ма алып қашқан жолдасың?!
Тілейтінім – мен сыйлаған сол кеште,
Жүректегі өмір гүлі солмасын.
Сағыныштың сар шекпенін жамылып,
Жылдар бойы жүрмін, жаным, қамығып.
Жанарымда қалып қойған нұр-бейнең,
Бəлкім содан атады ма таң күліп?!
Уақыт салды жүзіме өз таңбасын,
Қай қиырда жүр екенсің, қарғашым?!


Ғашықтарға қосылуды жазбаған,
Көнеміз ғой, тағдыр басқа салғасын.
Балдай тəтті қылығыңнан айналдым,
Қалқам, саған тамырыммен байландым.
Сəлем жолдап жүрем саған түн сайын,
Ғашықтардың сырласындай – Айдан мың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу