Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  87


Автор: Бауыржан Үсенов

ПОРТРЕТ

“Санаушы едім ғұмырлық жолдасыма,
Сенуші едім бақытсыз болмасыма...”
Дедің дағы бұрылып кетіп қалдың
Ренжісіп қалдың ба болмашыға.
Сүреңсіз ой көңілім кеше берді,
Сартап қайғы тағы да еселенді.
Түнгі қала
Жалғыздық,
Аязды ауа,
Ұзақ жүрдім аралап көшелерді.
Көп жұлдыздар аспаннан қалқып ақты,
Қалқып ағып сенімді жартылатты.
Мен аяздан тоңғам жоқ, жүрегімді
Бүріп алған жалғыздық қалтыратты.
Қандай қиын санаңда сұрақ көбі,
Махаббаттың түскендей құлап көгі.
Кіргенімде бөлмеге жансыз бейнең,
Қабырғадан қарсы алды жылап мені.
О, құдірет сиқыр ма, алдамшы ма,
Шам жарығы шығар-ау жанған сірә.
Қолыма алғам, жылап тұр шыныменен,
Құралайдай тап болған жарлы аңшыға.
Қолымда тұр өз бақыт, өз арманым,
Қаншама оған шынайы сөз арнадым.
Күнәсізбін дегендей мөлдірейді,
Иіп кетті жан-жүйем, төзе алмадым.
Кінәлаймын сергелдең құрғаныма,
Арқау болған асыл ең жырларыма.
Айтшы, аяулым, сол күні тұсыңдағы
Менің бейнем егіліп тұрмады ма?...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу