Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  56


Автор: Бауыржан Үсенов

ӨМІР

Өмір сенің сырыңды түсінем деп,
Қызып алсам жыр оқып, ісінем көп.
Бірақ, бірақ қыранмен қатар ұшқан,
Айтшы маған неліктен күшіген көп.
Өрнегімді бетіңе сызам әлі,
Сорғалайды шындық боп музам әні.
Қысқарады неліктен қыран ғұмыр,
Қарға-ғұмыр неліктен ұзарады?
Үңілемін жүзіңе қуақы тым,
Біреулердің аласың туа құтын.
Неге, неге қарғаға қор болады,
Қырандарға қимаған уақытың.
Тосылмаймын сыныңнан, ұмтыл маған,
Сала алмаймын гөй-гөйге мың тыңдаған.
Неге бақыт құсымен бақта бірге,
Қайғы-байғұз жырлайды сұңқылдаған.
Көктемің бар кіретін баққа күліп,
Ақыратын қысың бар ақпаны ұлып.
Алдыма кеп, көзіме тура қарап,
Есеп берші сен маған ақтарылып.
Дәл қазір де тұрсың-ау қадағалап,
Мүлт кетсем қайғың кеп табаламақ.
Әділетсіз ісіңді бетке басып,
Бір қояйын аузыңа, жағадан ап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу