Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  148


Автор: Бауыржан Үсенов

АУЫЛ

Жуалының түкпірінде ауыл бар,
Ей, бұлттар сонда барып жауыңдар.
Сол ауылда қыдыр дарып, бақ қонған
Ағайын бар,
Ауылдас бар,
Бауыр бар.
Сол ауылға аспан нұрын төгеді,
Ертелі-кеш тау самалы өбеді.
Ауылымды танытам деп әлемге,
Жер бетінде бір ұланың келеді.
Бала күннің ізі жатыр көшеңде,
Етек жауып, атқа міндім осы елде.
Таңғажайып табиғатың болмаса,
Мен өзіңнің жыршың болып өсем бе?
Сол ауылда көрінетін қиырдан,
Молалар бар күннің нұры құйылған.
Онда менің ағам жатыр жас кеткен,
Досым жатыр қыршынынан қиылған.
Осы жерде ата-бабам күн кешкен,
Жоталардан уақыт жылжып, жыл көшкен.
Осы ауылдың бір үйінен басталған,
Соқпағым бар тағдырыммен үндескен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу