Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  212


Автор: Бауыржан Үсенов

ТАБИҒАТТЫҢ БҰРҚЫРАЙДЫ ТҮТІНІ

Табиғатты талқан қылып өсірдік,
Тау мен суды басқа жаққа көшірдік.
Кейқуаттай мініп алған Ханшаға,
Екі аяқты мойынға сап көсілдік.
Кейқуаттар кейіпкері ертектің
Күйін кештік есі кемдеу тентектің.
Жер – Анаға
Желеп-жебеп өсірген,
Барыңды бер,
Басыңды и деп тептік.
ҒТР-ды әулие көріп бас ұрдық ,
Атом жасап, айламызды асырдық.
Қайырып кеп өзімізді қапқанда,
Сақа тиген кенейлердей шашылдық.
Дей алмайсың бұл жырымды өтірік,
Химияны керемет деп көкідік.
Енді бүгін бүктетіліп жатырмыз
Аурухана төсегінде өкіріп.
Біле-білсек табиғатта бар ырыс,
Туын оның биіктерге алып ұш.
Шошытады ұйқысынан бөбекті,
Полигонды солқылдатқан жарылыс.
Қайран адам,
Құдіретті адам, адам-ай,
Өңмеңдеген алды-артына қарамай!
Кейін іздеп жылайтынын білместен,
Ойыншығын отқа өртеген баладай.
Қызыл кітап – маңдайдағы қызыл қан,
Құс пенен аң құлап түскен ұзыннан.
Бауырына Жер-Анадан бір туған,
Қол көтеріп адам қалай бұзылған.
Болғаннан соң кеуделі һәм иықты,
Бағындырдық бұлт жете алмас биікті.
Ұлардай боп шулап, қырылмаймыз ба?
Улап болып топырақ пен сұйықты.
Бұл дүниенің бөлшек болды бүтіні
Ішіп жүрміз уға толы құтыны.
Динамиттің шнурындай тұтанған,
Табиғаттың бұрқырайды түтіні.
Төбемізден төніп-ақ тұр өліара,
Қасқыр құсап тұмсық тыққан қораға.
Талқанымыз шықпайды ма бір күні,
Инфаркт боп талып түссе Жер-Ана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу