Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  67


Автор: Бауыржан Үсенов

БЕРМУД ҮШТАҒАНЫ

Естілді құс хабары,
Тербейді жел бұтаны.
“Бермудтың үштағаны”
Түсіме енді тағы.
Шошытқан кемел елді,
Қайғылы картада орын.
Самолет, кемелерді,
Құшағы тартады оның.
Атады таң асыға,
Қиялмен,
Ғарыштан да асып кетем.
Әлде адам баласына,
Көк мұхит ғашық па екен.
Тұңғиық тасалаған,
Құпия сырын ашық айта алмайды.
Бермудтен қашады адам,
Өйткені ол қайтармайды.
Тіге алмас батыр байрақ,
Бермуд ол, табиғаттың
Қолтума ісі.
Тереңде жатыр қайнап,
Сұрапыл тарту күші.
Тосын жер ел күтпеген,
Мүмкін бұл болар бәлкім, не қыламын
Мен бүгін Бермуд деген
Атауға табынамын.
Бойлық пен ендікте де,
Теңіздің қарсы алмадым, бұла таңын.
Бірақ та Бермуд деген,
Атауды қайталауды ұнатамын.
Ауылдың ар жағында,
Белдерде алақайлап гүл секірді.
Ал менің дәл жанымда,
Бір “апат” жүр секілді.
Тағдырым үндемеді,
Жаймады ғайыптан кеп, ерлік құшақ.
Сол апат күнде мені,
Тартады Бермуд құсап.
Шертіліп ғашық әнім,
Қалықтап айналса арман.
Мен сұмдық сол апатқа, асығамын,
Тілім мен жанарымды байлап алған.
Самалмен ойнап қайың,
Сыр айтады, мен оны анықтағам.
Бұйдалы тайлақтайын,
Бүлкілдеп Бермудыма маңып барам.
Қиялды күнде өсірдім,
Еріксіз елти берем.
Бермуды бұл досыңның,
Есілдің ерке қызы жел тимеген.
Бұл махаббат кімдерді қаталатпас,
Бағым ба, сорым ба екен.
Сол қызға “апат аттас”
Кеудемде орын бөтен.
Қарсы келсе қарадай қысыламын,
Сабақтан бірге қайтам,
“О” апатқа ұшырадым,
Енді оны Бермуд демей кім деп айтам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу