Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  226


Автор: Болат Жетекбай

Балауыз шамға байланған көзсіз көбелек...

Балауыз шамға байланған көзсіз көбелек,
Бозбала шақта біз сендей едік, не керек!?
Балауса сезім қанатын отқа шарпыды,
Шам сөнбей қалса, бәлкім, біз-дағы өлер ек...
Өлгенше сүйіп, өртене жаздап, өртенбей,
Сондағы сүйгі-махаббатымды көрсең ғой!
Жындының ғажап ғазалын оқып, шошынып,
Аяды, дерттен айығарыма ел сенбей.
Ләйліге ұқсас аты да оның арапша,
Ай-нұрлы жүзін айнала жұртқа қаратса;
Қызғаныш талай қан-жоса ішті тырнады –
Қара көзінен құштарлық отын таратса.
Алданған арман, қорланған намыс...
Содан соң.
Мәрттігім емес Мәжнүндей ғашық бола алсам.
Амалым нешік, ол баста солай жаралса,
Амалым нешік, мен баста солай жаралсам!
Балауыз шамнан айналған көзсіз көбелек,
Өртеніп өлдің арманды құшып, не керек?!
Шам жанып тұр ғой...
Қашанда сорлы ғашықтар
Махаббатының мәнісін ұқпай жөнемек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу