Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  69


Автор: Болат Жетекбай

Әлемнен қалайша бөлінем...

Әлемнен қалайша бөлінем,
Әзелден бармын-ау, тегі, мен?!
Түнекті тәрк етіп, тірілдім,
«Бол» деген Алланың себімен.
Өлсем де кетпеспін жоғалып,
Ғайыпты қайтадан оранып;
Күтермін ақырет хабарын,
Нәпсіден біржола тоналып.
Пәниде былғанған сор басым,
Иманым болғай да жолдасым!..
Ақ қанат періштем, демей гөр,
Із кескен Ібіліс оңбасын!
Өзгеріп, өшкенде ескі күн,


Сәждаға бас қойып кешқұрым;
Өткенге салауат сұрадым…
Сенің де даусыңды естідім.
Адамның айрылмас егізі
Ар – шындық, ақиқат негізі…
Алланың нұрына асығар
Толқыған тағдырлар теңізі.
Кешкейсің, кең Құдай, күнәмді!
Көңілден серпейін тұманды.
Сауапқа жазғайсың көбірек,
Бір ісім болса егер ұнамды.
Тән: «Мәңгі біргеміз біз», – дейді,
Жан жарық мекенін іздейді…
…Мен, сірә, өлмеспін,
Өлмесем,
Жүрегім зікірін үзбейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу