Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  85


Автор: Болат Жетекбай

Маңдайға жазғанды өмір оқып...

Маңдайға жазғанды өмір оқып,
Мөлшерлі мезгілді серік етіп;
Мен-дағы өзіңдей... мән іздедім,
Теңіздей жанымды тебірентіп.
«Ақиқат – арым, - деп, - сана – сорым»,
Арыған атаның баласы едім.
Кірмеді-ау Құдайдың да қаперіне
Таулардай жаншыған нала-шерім.
Күндердің күнінде, бір кемшінім –
Өзгенің күлкісін күлгенсідім.
Табашыл жұртқа қыр көрсеткендей
Тым, тым-ақ жетісіп жүргенсідім.
«Біреуге күн жоқ – дер, – біреу өлмей»,
Адамда артық бас, шын өгейдей,
Опық жеп, ойымды он сан бөлдім,
Отырсам қайтеді... жүре бермей?
«Дертіме өмір – сеп, өлең – емім»,
Дегенде, менің кімге не керегім?!
...Маһшардың таңында кездесейік,
Мен сонда сені де көрер едім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу