Өлеңдер ✍️

  11.08.2022
  581


Автор: Насыреддин Қожырбайұлы

Түсі игіден түңілме

Менің нәзік сезімімді шымшылап,
Жүрек шіркін қалай ғана тыншымақ.
Әсем жанды адамдармен тілдессем,
Ақын жанды алар сезім қамшылап.

Кей біреудің жан дүниесі жүзінде,
Айнасы боп көз алдыңда тізілген.
Жұрт қайғысын өзімдікі деп қабылдап,
Жанарынан бір тамшы жас үзілген.

Ал біреудің сұп-сұр болған жүзінде,
Көрінеді қысың менен күзіңде.
Адамшылық дәметпейсің ондайдан,
Оған бірдей үйіңменен түзіңде.

Ондай жанның қасында әсте тұра алмай,
Асығасың әңгіме дүкен құра алмай.
Айтқаны өтірік, сөзі шикі бос кеуде,
Осы өмірде мәңгі бақи тұрардай.

Жамандардың алдында сен бүгілме,
Жақсыны біл жанарына үңілде.
Жақсы жанның нұр шашады жүзінен,
Дейді қазақ түсі игіден түңілме.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу