Өлеңдер ✍️

  11.08.2022
  59


Автор: Балта Қосбармақ

Секілді ең ендігі үміт, арманым да

Секілді ең ендігі үміт, арманым да
Дауылдың жел жағында қалғаным ба?!
Бақ үшін бәс тігетін сәт келгенде
Апыр-ау, мен күресе алмадым ба?!
Алдымнан жылт еткендей суық сәуле,
Әлде бұл қызығы мол үміт пе әлде?!
(Арманы биіктерге бастамаса,
Әр нәрсе етеді ғой жігітті әуре)...
Жатса да көңіл-көлге тау-құз құлап,
Медеу ғой жылтыраған жалғыз шырақ.
Үмітің үзілмесе, жақсы екен-ай,
Кезіңде қара іздеген жалғызсырап...
Бәлкім, бұл солай шығар көзге көрген,
Талай рет нартәуекел кез де келген.
Мен бірақ махаббатты, күллі өмірді
Сәл өзге бағаладым өзгелерден.
Мен өзім жігерімді жасық қылдым,
Астында адассам да ашық күннің –
Келмейді атып алғым, сатып алғым,
Келеді Бақытымды ғашық қылғым!
Құламас жерлерімде құлап жүрмін,
Сонда да шығары анық шығар күннің.
Келмейді бұрап алғым, сұрап алғым,
Келеді Қызығымды құмар қылғым!
20.12.1982 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу