Өлеңдер ✍️

  08.08.2022
  60


Автор: Балта Қосбармақ

Теңізбен сырласу

О, теңіз!
Тынып жатырсың,
Жатырсың тынып, маужырап.
Сен – бейне алып батырсың,
Жорықтан қайтқан қалжырап.
О, теңіз!
Ұйықтап әлі үнсіз,
Жатырсың менің алдымда.
Бұлқына, тулап дамылсыз,
Шаршап, тып-тыныш қалдың ба?
Жартасты соғып, өкіріп,


Алмаушы едің сен тыным.
Бүгін сол сурет – өтірік,
Қайда сол бұйра толқының?
Тулаушы едің тынымсыз,
Қайда сол өршіл үн бүгін?
Қалыпсың қалғып, түк үнсіз,
Айтшы, сен неге мүлгідің?
Белгілі болсын бір сырың,
Тілегін құп ал жыршының.
Көп-ақ қой өзге тылсымың,
Айтшы, сен неге тыншыдың?
Жатушы едің долданып,
Шыдайсың қалай сен тыныш?!
Отырмын осылай толғанып,
Тебірентіп ауыр толқыныс.
Ұққандай болдым сырыңды,
Тыншыдың неге бүгін сен?
Туғызарда тың жырымды
Мен де іштей осылай тынушы ем.
Болсам да ақын от арынды,
Мінезім сенен алшақ тым.
Алар ма ем шабыт-дауылды
Сараң ба едің – аңсаттың.
Жаңа ұқтым, теңіз, сені мен,
Саған да қиын мылқаулық –
Табиғат шіркін желіне
Жасаған екен бір тарлық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу