Өлеңдер ✍️

  02.08.2022
  491


Автор: Бесінбай Бегеніш

ӨЛЕҢІМ – ӨМІРІМНІҢ ӨРНЕКТЕРІ

Өлеңім- өмірімнің өрнектері
Тоқылған сөздердің бір өрмектері.
Арқау бар, адарғы мен қылышым бар,
Жата алман төсегімде көлбеп, тегі.
Өлең – менің өмірлік кезеңдерім,
Кейде аққан, кейде ақпаған өзендерім.
Түсінгендер байқайды сол өлеңнен
Ойымның сан-салаға кезенгенін.
Өлең-менің ойымның сығындысы,
Оқысыншы, келсе егер ұғынғысы.
Қиял мен шабытымның өрнегі бар,
Демегей ойдың қалдық жұғындысы.
Өлең-менің оңаша ой арманым,
Кейбір жайға күйзеліп, аяр жаным.
Бір сәтте көңілімнің қиясында
Гүл жарып, көк өркенін жаяр бағым.
Өлеңім- шабытымның шалқар шыңы,
Сырласқан кейіпкердің айтар мұңы.
Туған жер, туған елім сырласымдай,
Оқыса, өлеңімнен байқар мұны.
Өлең – менің қаруым кеңестегі,
Өлең – менің пырағым дөңестегі.
Ойларымды сабақтап қорытардай,
Өлең менің ермегім емес,тегі..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу