02.08.2022
  126


Автор: Бесінбай Бегеніш

АДАЙДЫҢ ҮШ ЖҮЙРІГІ

1. Қашаған ескерткішіне
Тәңірім сені о баста жырдан құйып жасаған,
Мықты болсын дегендей сыналап, сөзден қашаған.
Қашаған деп қағытып, салғанымен құрық,бұғалық,
Жырдан саусақ шығарып, дегенсің талай «Мә,саған»
Қасиетті кітап Құраннан келтіріп,сүре,тармағын,
Тәурәт, Зәбүр, Інжілден даналық сөздің салмағын.
Аян берген Тәңірім қарсылыққа қасқайып,
Қарсы тұрсын деген ғой,жырдан соғып қорғанын.
Асқақтатты ұрпағың жыр-дүлдүлді мүсіндеп,
Тұрғандай көкке қарайсың жыр маржанын түсін деп,
Кер езулер айтатын қиым-сиқым дауларға
Тағзым етіп өтемін «Адай тегі» үшін деп.
2. Шегем палуан Түрікпенбай
Көп ішінде елеусіздей қара төбе едің,
Айқасқа түссең, қуанышқа көпті бөледің,
Алаңға шығып, шекпенін киіп желбегей,
Қопырап жүріп намысын елдің жеп едің!
Көзі едің сен баяғы қара шалдардың,
Өзі едің сен баяғы дара шалдардың,
Алпамсадай боп ұқсағай қара күшіңе
Арттағы қоңырқай қазақ балдарың!
Дарығай деймін ересен күшің ұрпаққа,
Рухыңмен жатқайсың маңдай сипап та.
О, аруақты бабам, қара нар тектес қуатың,
Артыңнан ергей палуан тектес тұрпат та!
3. Бөлейдің «Ақбас аты»
Неліктен, қалай аталдың Ақбас ат?
Жүре алмаймыз – ау қоңыраулатып айдар тақпасақ.
Тұңғиық менің ойымда жусап келесің,
Арлы шабыс болар деп сені сақтасақ.
Қашаған да орынсыз жырын төкпеген,
Түрікпенбай жаралған сүйек – етпенен
Ұятты жерде айқасқа түсіп кеткенде
Қолдаған пірі оларға ешкім жетпеген?!
Арлыныың бірі – Бөлейден шыққан Ақбассың,
Босқа мінсе, сылти басып, ақсапсың.
Еліңнің әркез көңілін көкке көтеріп,
Шабылсаң топпен,асқақтап, арын сақтапсың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу