Өлеңдер ✍️

  02.08.2022
  70


Автор: Қазданбай Қосжанов

ІІ ӨЛЕҢ

Сағыныш үдеп, жүрек ынтығарда,
Жылы сөз естігенше тыншығар ма?!
Күлсін жұрт, күле берсін әр сөзіме
Бірақ шын махаббатқа сыншы бар ма?!
Кім білсін көңіл немен басыларын,
Күлкі, не күйініштің жасы барын.
Әйтеуір қуантатын минугтарға,
Жеткенше асығамын, асығамын.
Зар қылып жылы сөзге осы күн бек,
Жүрсің гой сағыныштың отын үрлеп.
Кездессек, қарай берем жаутаң қағып,
Көзіңнен жан сырыңды оқығым кеп.
Жүректің түпкіріне жарып кіріп,
Қойдың-ау жылы сөзге зарықтырып.
Қашан мен көңілімді тыншытармын,
Тағдырдың сыбағасын анық біліп.
Аңсатып өткен сайын күн ілгері,
Болады балқытқандай үнің мені.
Өзіңнен жылы жауап күткендіктен,
Жүрегім қамықса да түңілмеді.
Өткеннің өкініші білінбеші,
Тағы бір жадырайын, күлімдеші.
Махаббат ләззәтгірек болу үшін,
Сағыныш жүрегімді тілімдеші.
Бойымды билеп алып асқақ жалын,
Болмай жүр бір өзіңнен басқа арманым.
Көрер ме ең осы өлеңді жазардағы,
Көзімнен моншақ-моншақ жас тамғанын.
Ойымда сенің ғана есімің бар,
Сенгендей келер күнге шешімім бар.
Түсініп жүрсің өзің жүрегімді,
Көп айтар одан өзге не сырым бар?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу