Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  69


Автор: Уәйіс Қайралапов

ШЕВЧЕНКО ҚАЛАСЫ

Иә! Жас қала тұр жалын атып жанары,
Сан бояумен түрлентіп тұр жағаны
Биіктігі көкті тіреп тұрғандай
Лағыл маржан, меруерт төсеп табаны
Дидарына таңдандырып не түрлі
Самал лебі аймалайды бетіңді
Кейбір үйлер қаздаңдатып аяғын
сахынада билеп жүрген секілді.
Жүріп көрсең көшелерін аралап,
Жұпар иісі қытықтайды «мазалап».
Маңғаз қала толғанатын секілді.
Бір үйінен екіншісі балалап.
Арыстанның жалдарындай желкесі,
Әр үйінің бөлек-бөлек өркеші.
Тұнжыр қабақ түнеріңкі бірі жоқ
Бәрінің де көтеріңкі еңсесі.
Көшелері қызыл жасыл от әріп,
Өн бойына салтанаты жетерлік
Бір-бірінің иығынан қиырға
Қарайды әр үй өкшелерін көтеріп.
Бұл қалаға жұлдыз шашып төккендей,
Бір сергисің төбең көкке жеткендей
Түнде көрсең қала көркін көшіріп,
Теңіз түгел түбіне алып кеткендей.
Көркіне көз сала алмайсың ойланбай,
Өресінде өріс қандай, ой қандай.
Бұл қалада сансыз халық бас қосқан,
Ұлт достығы ұя салып қойғандай.
Үш қиырды үш-ақ аттап, үш басып,
Армандары ақиқатқа ұштасып.
Топ алдында келіп тұрған секілді,
Қазақтармен Шевченко қол ұстасып.
Кеше тірі жан жүрмеген Сарыадыр,
Теңіз шулап, төңбекшісе дала, қыр,
Бүгін «қазақ Аруы» деп атанып,
Сол арада маржан киген қала тұр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу