Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  77


Автор: Уәйіс Қайралапов

ҚАЛАМҚАС

Қаламқас сұлу екен Адайдағы
Тамсантқан көргендерін маңайдағы
Шегіншектеп шеніне бара алмаған,
Шіренген мырзалардың талайлары.
Аппақ бет ақ мақтадай үлпілдеген,
көзіне қайғы жасы іркілмеген.
Арудың жүрегінде шаң бар еді,
Ақ мамығы табылмай сүртілмеген.
Аяғынан шалатын барлық кемі


Әкесіне айдайтын, мал бітпеді.
Жан-жағында сүйенер тірегі аз,
«Алланың рақымы»-бар күткені.
Қол созбайды ағайын-жақыны да,
Сеп болмады ажары, ақылы да.
Сатылап кете барар кезі келді,
Бүтін киім, көженің қатығына.
Билігін де бермеді бір басына,
Ол кезде теңдік жоқ деп ұрғашыға.
Өресін өрісімен өлшеп қойды,
Бір байдың есалаңдау мырзасына.
Ал, қыздың бар ақылы басында еді,
Сүйгені қашықта емес, -қасында еді.
Сырластары сырына қанып жүрген,
Екеуің қол ұстас та қашың, -деді.
Көз жетпей алданда не боларына,
Армандарын алдынан орады да.
Екеуі қол ұстасып қашқан күні
Тап болды күннің тұман-боранына.
Көріне қор болғанша қолға түсіп,
Өлгеніміз артық деп орға түсіп.
Адасқан екі қашқын жөн таба алмай,
Сол бетімен кетіпті сорға түсіп.
Арманының бал дәмін татып өлді.
С.йгенімен сүйісіп жатып өлді.
Денесін да таптырмай екі ғашық
Құшақтаса батпаққа батып өлді.\
Заманында мөлдірі ылай болып,
Жеткізбеген арманы құмай болып.
Батпақ жұтқан бақыты Қаламқастың
Ақтарылуы ақыры мұнай болып.
Көз алдыңа елестеп тұра қалар
Сол аңыздың мекені бұл аралар.
Қаламқас арманының биіктігін
Паш етіп тұр өр кеуде мұнаралар.
Сөйтіп, батпақ жұтқанын қайтып берді,
Аңызды ел ұмытпай айтып келді.
Қаламқас арманымен астарласып
Халқына мұнай болып қайтып келді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу