Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  72


Автор: Уәйіс Қайралапов

АЛТЫНШЫ МҰНАРА

Несі ерлік жаңалық ашпағанның
Бұл күн ескі киімді тастаған күн
Бұл күні жас арудың бетін ашып,
Тарқамас той-думанын бастаған күн.
Бұл күн ескі ауырдан арылған күн
Ақ түйенің қарны жарылған күн
Маңғыстау өлкесінде сөнбестей боп
Жалындап мәңгі алау жағылған күн.
Қол шапалақтап қуанған баладай-ақ,
Бұл күні дәрежеге қарамай-ақ,
Трестің ортан қолдай бастықтары,
Көшеде билеп кетті жалаң аяқ.
Жүргенде сор мен тері ылай болып,
Адамның шықты өзі құдай болып.
Тұншыққан тұңғиықта мол қазына
Фонтандата атылды мұнай болып.
Ұяң жер үнсіз жатқан бұғып алып,
Қол салғанда кеудеге шығып алып,
Ұйықтап жатқан атырап бір қозғалып,
Орнынан аунап түсті ыңыранып.
Қайта сол оянғаннан қалғымапты,
Сансыз арна ашылды бал бұлақты.
Халық мініп ғарышқа бет түзеді
Жүген-құрық тимеген арғымақты.
Сонан бері өткенде бұл арадан
Басын иіп бір тоқтап тұрар адам
Маңғыстау жаңа беті ашылған күн
Атышулы Алтыншы мұнарадан
Атойлап шыққан алғаш жақсы атағы
Басылып қалған мәңгі тасқа табындырған
Соңына ерген жүздеген серігінің
Бұл мұнара-жасы да, ақсақалы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу