Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  80


Автор: Айсырға Қилыбаева

ЖҰЛДЫЗ-КӨЗ, ҚЫРАН-ҚАРАС

(75 жасын бүгін толтырған ардагер ұстазым Жамбоз Екібаев ағаның
асында әруағына арнап оқылған өлең)
Заманының дүлдүлі, марқасы да,
Отырғандар мектептің партасына.
Құрыш қанат қаншама түлек ұшты
Заңғар, жайсаң ұстаздар арқасында.
Маңғыстаудың ескенде ақ самалы,
Еске аламын жаны жаз жақсы ағаны.
Қамқор үні санамда жаңғырады,
Мәңгі ұйқыда тынығып жатса-дағы.
Өтті жылдар, арада неше белес,
Бала күнгі барлық жайт есімде емес.
Жарқыраған жұлдыз-көз, қыран-қарас
Көңілімнің көгінен көшер емес.
Ұстаздардың тұнбасы, тұлғасы да,
Әлем сырын сыйғызған бір басына.
Жамбоз ағай – Ұстазы ұстаздардың,
Бір-ақ рет туатын бір ғасырда.
Асқар тауды жасырып бүркемек кім,
Бүктеп тастап ішіне буклеттің?!
Шәкірттердің сыйлығын, мәртбесін
Көре алмай, өмірден ерте кеттің.
Із қалдырып данагөй даламызға,
Жылу шашып тұрасыз санамызда.
Отырмайсыз сіз бүгін шәкірттермен,
Жетпіс бесті толтырып арамызда…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу