Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  73


Автор: Айсырға Қилыбаева

Мен дүниеге келгелі

Мен дүниеге келгелі
Көрмеппін әлі жайланып,
Жүріп келемін ілгері,
Кедергілерге қайралып.
Келбетім салқын сияқты,
Мінезім жұмсақ, көнбіспін.
«Қиянат сенен көрдім» деп,
Кінәламайды мені ешкім.
Айлалы қуға арбалып,
Қиналып қалған кезім бар.
Төңіректейді мені ылғи
Жүрегі тас та, сөзі бал.
Жымысқылар күлсе де,
Көмекейін жасырып;
Көбік сөзі желге ұшып,
Арты қалар ашылып.
Етегінде тусам да,
Қаратауға шыққам жоқ.
Ақ желкенін арманның
Сонда-дағы жыққам жоқ.
Шындық жетсе мәреге,
Көп болады жақтасым.
Ары аяққа тапталып,
Ез болғаннан сақтасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу