Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  90


Автор: Бірғали Байекеев

ТУҒАН КҮНГЕ ТІЛЕК

Жарым менің, сүйікті жарым менің,
Бақытым басқа қонған, барым менің,
Сен барда айналамның бәрі жарық,
Сен жоқта құрығандай әлім, демім.
Ақ нұрдан ақ таңдағы жаралғандай,
Жүзіңнен жанға шуақ таралғандай,
Ай болып ғарыш жаққа көтерілсең,
Соңынан жұлдыз болып барам қалмай.
Жан емен әуелден де қаны бұзық,
Өзіңмен өмірімнің бәрі қызық,
Сөзіңді маған деген естігенде,
Кетемін қиялдардан әрі жүзіп.
Сертке-серт, отбасына-баян дедім,
Жақсыға құшағымды жаям дедім,
Көңілдің көктемінде гүлдей жайнап,
Жүре бер, Құдай қосқан Саям менің!
Шайқалмас тұлғасымын тұрған үйдің,
Кең жайып керегесін құрған үйдің,
Жанымды жан түсінбей келе жатыр,
Тек ғана сен түсінер Бірғалимын.
Бар болсын, туған жерім, киелі елім,
Күніне мен басымды иер едім,
Екі ұлым, екі қызым – бар бақытым,
Қасымда өзің ғана сүйенерім,
Сырым жоқ саған деген ашалмаған,
Ынтығым қартайсам да басылмаған,
Жан-жарым, жанымдағы тірегім сен,
Мәңгілік-тек он сегіз жасың маған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу