Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  381


Автор: Орақ Байғалиев

Махамбет

Тарланның тұяғы шаңы – түйдегі аспанда,
Хан мен төре тығылып үйге – бас қамға,
Жайық үшін жандасып жебесін тартып
Еділ үшін егесіп қидаласқан ба.
Алысқан аю – терістік – күш – алыппенен,
Қызыл тіл қылыш кесіп тұсалып па екен!
Отқа оранып өкінтіп өткенде күндер
Қызғыш құсқа мұң шаққан құсалықпенен.
Қайта шауып далама, келсең қырыма...
Менің енді басылмас еңсем ғұмырда,
Ақындық қонса маған айтармын әлі
Қиылып мерт боп кетпесем семсер жырыңа.
***
Жасымның жығылмаған туы шағы,
Не болар құштарлықтың суыса әні,
Айдың ақ сәулесімен араласып
Бойыңнан бал сезімнің буы ұшады.
Соғады лүпіл етіп, лүпіл жүрек,
Көңілім күйген жоқ па тұр күлбіреп,
Ақ маржан айналаға нұр шашады
Жүзіңе үйірілсе күлкі үлбіреп.
Белгісіз берілерім, беріспесім,
Ойыма кірсе қайтем, пері – ішке сұм...
Өмірді ойын – той деп жүрген аңқау
Бейкүнә, ақ уыз сен періштесің.
***
Аспанның аты – қара бұлты кісінеп,
Бұлақтар бұраң қағып күлкісі ніл көк,
Көкжиек кемпірқосақ – басқұрын тартып
Төңірек мың құбылған түлкі сүгірет.
Қанатын жайғанда көл құрағына іңкәр,
Ой толып жас шалғынмен тұрағын қымтар,
Дауыстап сәлем берсем құстарға қайтқан
Үніме қызыл-жасыл жұғады жұпар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу