Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  134


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ЖАПАНДА ЖАЛҒЫЗ ҚАРАҒАЙ

(Академик Қалдыбек Сейдановқа)
Жапанда жалғыз қарағай,
Көрінер саған панадай.
Жапырағы сая, көлеңке,
Аялап тұрған анадай.
Жапанда жалғыз бір ағаш,
Ешкімнен көмек сұрамас.
Қасқиған таудың перзенті,
Секиіп таста тұр оғаш...
Қарайды жалғыз аспанға,
Жұлдыздар көзін ашқанда.
Келеді оған ғашықтар,
Көлденең көзден қашқанда.
Тамырын қадап тастарға,
Шақырады ол асқарға.
Тұрады тілсіз куә боп,
Қанатын жайып жастарға.
Тастан-ақ екен табаны,
Бар ма оның басқа амалы?!.
Қасқиып тұрған жалғызды,
Найзағай іздеп табады.
Найзағай бір күн ұрады,
Есіңде ұста мынаны:
Қасқиып тұрған жалғызға,
Артады сосын кінәні.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу