Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  79


Автор: Қалбай Әбдіраманов

БҰЛ ОТАН БIЗДIКI

Бұл Отан бiздiкi: туған жер,топырақ,
Күн сүйген атырап,нұр тиген жапырақ.
Өзiмiз төремiз,маңдайдан көремiз,
Тауларға өрлеймiз сатылап,сатылап!
Биiкте,шаңырақ!
Кеңи түс,кереге!..
Бабалар сабағы – балаға өнеге!
Мөлдiреп суымыз,желбiреп туымыз,
Ел-жұрттың арманын қадаймыз төбеге!..
Көреген көздерге тiлеймiз парасат,
Биiктей беремiз, биiктен қарасақ.
Бiрлiктiң жалауы—тiрлiктiң қалауы,
Жүректiң алауы—бiздердiң болашақ!
Тiстiден торынба,күштiден қорынба,
Қазақтың билiгi өзiнiң қолында!
Қазағым—базарым,назарым,жалауым,
Алауым,жүректiң қалауын орында!..
Ел бiздi қолдайды бiз елдi қолдасаң,
Ел—жұрттың мүддесiн болмайды торға сап.
Кеңи түс, кереге!
Биiкте, шаңырақ!..
Кiм тура болады—бiз тура болмасақ!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу