Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  56


Автор: Қалбай Әбдіраманов

Өлеңдеймiн ешқайда өтпей жүрген...

Өлеңдеймiн ешқайда өтпей жүрген,
Оқырманның қолына жетпей жүрген.
Қара күшiк сияқты қыңсылаймын,
Есiгiңнен сығалап... кетпей жүрген.
Неғылайын жабысып көк кенедей,
Тағдырыма налимын еткен өгей.
Кел дегенде келемiн ырсыл қағып,
Кет дегенде кетемiн өкпелемей!..
Менi мұнда ешкiм де кел демеген,
Байлап қойған ешкiм жоқ белдемеден.
Мен бәрiбiр өлемiн қайғы-мұңнан,
Өлмей кетсем таяқтан сермелеген!..
Қан iштiм бе,бiлмеймiн,зәр iштiм бе,
Тәнiм жара тырналып әр үшкiрге.
Қыстың сызы өтсе де аяғымнан,
Шоңқиып отырамын... қар үстiнде!..
Отырамын қара жер жарылғанша,
Ақ бораннан айнала арылғанша.
Босағаңды мен сенiң күзетемiн,
Менен артық махаббат табылғанша!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу