Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  64


Автор: Қалбай Әбдіраманов

БҰЛ МАХАББАТ СЕНБЕЙМІН ӨШЕРІНЕ..

  Аяғымды мен бүгін қиық басам,
Лапылдап жанған отпен иықтасам.
Жаным-ау,айлам бар ма,айлам бар ма,
Көз алдымнан кетпейсің ұйықтасам.
Есте сақта сөзімді осы ұқтырған,
Күн еңісте мен болам есікті ұрған.
Аяулым-ау,мен емес,сенің жаның,
Самал болып жырымнан есіп тұрған.
Бұл махаббат сенбеймін өшеріне,
Бір алапат өрт кетті төсегіме.
Күн еңкейсе ілмеймін кірпігімді,
Кетпейін деп өлінің есебіне...
Тіл де көмек ақынға,гүл де керек,
Басымдағы мына жәйт мүлде бөлек.
Бұл дүниеде өзге жоқ,
Жалғыз сен бар,
Айналтырған басымды шыркөбелек.
Дәріптетсе тек сені дәріптетсін,
Сені сүйген өмірім қалыпты өтсін.
Алар болса егер де мені құдай,
Осы сенің алдыңнан алып кетсін!..
Әрбір ұста сомдайды келіскенін,
(Түзулеп аларсыңдар кемістерін!..)
Біреу егер құл болса адамзатқа,
Мен құлымын қолдағы періштенің!..
Шуақ табам түннен де,іңірден де,
Қанбайтұғын шөлім бар сіміргенде.
Теңізге түскен тастай кете барам,
Мен қыздардың көзіне үңілгенде!..
Құлай шығам қыздарға құлай кіріп,
Жастық шақтың бояуы шырайға ұрып.
Құдай бізге бақыттың бәрін берді,
Қой демесем орныңа құдай қылып.
Құмыра емес бұл өмір сазырайған,
Біз қуансақ төңірек мәзі-мейрам.
Бұл дүние күңгірттеу болмас па еді,
Махаббатсыз жаратса...саз лайдан?!.
Нұр шашады жүрегім,арман еріп,
Қуантады ұл-қызым алдан өріп.
Ұрпағынан айналдым Ауа-ененің,
Жүрегімді жұбатқан алма беріп!..
Жаным бүгін тәңірден нұр тіледі,
(Нұры жоқтар аяқта түртінеді!..)
Махаббатсыз дүниенің несі қызық,
Махаббатта адамның бір тірегі!..
Адам деген-саз балшық,оянбаса!
Мынау әлем сұрғылттау-боялмаса!..
Өмір деген-Күншуақ,
Өрт пен Жалын,
Тіліменен Қалыбайдың баяндаса!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу