Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  74


Автор: Қалбай Әбдіраманов

СЕН МАҒАН ОПАЛЫ БОЛ, ИТ - ӨЛЕҢIМ!

Сен маған опалы бол, ит-өлеңiм,
Өзiңе еркелеймiн, сүйкенемiн.
Екеумiз егiз қозы – жар басында,
Қит етсең төмен қарай итеремiн!
Қараймын саған ғашық көзiменен,
Сен Баянсың отырған Қозыменен.
Мен алдасам жалғыз қап сен өлесiң,
Сен арбасаң серiксiз – өзiм өлем!
Сен – менiң тiршiлiгiм, амандығым,
Тек өзiңе қарады қараң күнiм.
Мен қатындар алдаса кешiремiн,
Кешiрмеймiн өлеңнiң арамдығын!
Бұл биiкке шығып ек жетелесiп,
Кете алмаспыз ендi одан жеке көшiп.
Ант iшiп бiр-бiреудi алдамауға,
Осы жерде алайық некелесiп!
Мен – сенiң аузыңдағы асың болам,
Мен сенi сүйген сайын асылданам.
Қолымнан келер толық жамандық та,
Сен менен айныған күн басыңды алам!
Жорып жүрме, менi аңқау балақайға,
Өзiм жүрем қасыңда жанапайға.
Мен сенi АЙ қасына алып шығам,
Бермеу үшiн басқа бiр жалатайға!
Жан арманым – өлеңiм мені ұқтырсын,
Жан-жағыңды жұлдыздар толықтырсын.
Қараңғыда адамдар саған қарап,
Менiң кiм екенiмдi көрiп тұрсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу