Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  78


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ТЕК ҚАНА МАХАББАТ...

Түрлерi қандай жазаның,
Тарқайын деп тұр базарым.
Ойлыға айтар сөзiмдi,
Ойланбай қалай жазамын!..
Болмайды маған ойнауға,
Көк теңiз керек бойлауға.
Қайығым қайда кешегi,
Жасырып кеткен қойнауға!..
Қайдасың,аппақ желкендер,
Жанымды менiң өртеңдер!
Жағадан адам таба алмай,
Көздерiм менiң мөлтеңдер!
Теңiз де бүгiн суықтай,
Күннiң де көзi сынықтай.
Жақсы өлең қайдан шығады,
Жаныңды бiреу жылытпай!..
Қалаңдар отты кемеге,
Берiңдер өрттi көдеге.
Жануым керек мен қазiр,
Келуiм үшiн келеге!..
Өртеуiм керек жалғанды,
Көресiң қазiр!..Жанғанды!..
Тұтатам қазiр көмiрдi,
Әкелiп тұрып...
Маңғалды!..
Қышқылға менi тастаңдар,
Ащымен көздi жасқаңдар!
Оқысын өлең
ақынның,
Шашлығын көрiп сасқандар!..
Жарқылда,КҮННIҢ ШУАҒЫ,
Бiз дағы НҰРдың уағы!..
Серкесi қазiр семсердiң,
Суырылып оттан шығады!..
Жұлдыздар онысыз ақпайды,
Қырандар қанат қақпайды!
Құдайға жақын барғанды,
Құдайдың өзi сақтайды!..
Семсерлер онысыз кеспейдi,
Бұрғылар онысыз теспейдi.
Құдайдан қашқан ақынды,
Құдайдың да өзi кешпейдi!..
Болатты отта сынайды,
(Отта тұрғаным ұнайды!..)
Құдайдай бiреу керек-ақ,
Көрмегендерге Құдайды!..
Айтылар сөздi айтармын,
(Пендемiн мен де...
байқармын!..)
Түзу сөйлегендi көргенде,
(Iстерiн жасап...
Шайтанның!..)
Жүгiм бар Қаптың тауындай,
Жүруiм керек жаңылмай.
Жалауы қолда қазақтың,
Тұруым керек алынбай!..
Ақпын ба,әлде...қарамын,
Көппiн бе,әлде,дарамын.
Көпiрден қылдай дозақтың,
Үстiнде кетiп барамын!
Шалғайдан жауым тартады,
Достарым жүктi артады.
Өтуiм керек жаннатқа,
Мына қыл көпiр арқалы!..
Күшiм бар көптiң күшiндей,
Қайтейiн сосын iсiнбей!
Өтуiм керек жаннатқа,
Тауымды отқа түсiрмей!..
Барамын жалғыз айқайлап,
Қайысар кезде қан қайнап!..
Құдайдың көзi түспесе,
Қай жерде маған балқаймақ!..
Барымды менiң ұқтыңыз,
Бар ма әлде жоқ па мықтыңыз!..
Құдайдың көзi түспесе,
Қай жерде маған сүттi қыз!..
Барады көңiл құлазып,
Заманның жатыр түрi азып.
Жаннатқа жетiп алайын,
Үзiлiп кетпей...
Мына жiп.
Тау жүгi түстi торғайға,
Күш түстi шидей борбайға...
Көмегiң қайда,ағайын,
Қолыңды берсең...
Болмай ма!..
Үстiнде тұрмын дозақтың,
Лауласам отқа...
Мәз-ақпын!..
Тойлатпау үшiн құзғынды,
Өлмеуi керек!
Қазақтың!..
Қаратауым бар желкемде,
Болмайды оны өртеуге!
Жоғалмай жыры Қалбайдың,
Баруы керек!
Ертеңге!..
Көрiндi алдан жарық таң,
Бiрдеңе дейдi...
Тарыққан.
Өлеңде нем бар
жанымды,
Аяйтын болсам
Халықтан!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу