Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  319


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ӘДЕМІСІҢ

Әдемісің-ай! Әдемісің- ай!
Менің үшін сұлулық әлемісің-ай!
Қымбаттысың-ай! Сымбаттысың-ай!
Шырқыратқан жанымның әлегісің-ай!
Көзің—жұлдыз! Кірпігің – қара мақпал,
Қара мақпал артында ғаламат бар!
Жақсы өлең қанменен жазылады,
Жаралап қал қанымды! Жаралап қал!..
Әдемісің-ай! Әдемісің-ай!
Шырқыратқан жанымның әлегісің-ай!
Өлер болсаң орныңа өзім кетіп,
Қалдырайын мен сені әлем үшін-ай!
Қара емес, көздерің – қарақаттан!
Мына өмірдің қаймағын жаңа татқан!
Еріндерің қанынан қызғалдақтың,
Сүйісем деп... кішкентай жара тапқан!
Әдемісің-ай! Әдемісің-ай!
Әдемінің барлығы - әлем үшін-әй!
Салыстырып көрейін қапталыңнан,
Рафаэль жаратқан қане мүсін-ай?!.
Гүл екенсің, қарағым, мен үзгендей,
Он сегіз жыл сүтпенен емізгендей!
Сен отырсаң болғаны қапталымда,
Мен лайым өлейін теңіз көрмей!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу