Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  547


Автор: Оңайгүл Тұржан

МАҢҒЫСТАУ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Ән жоқ едi ол кезде жер бетiнде,
әнсiз тiрлiк әзiр-дi керi кетуге.
Бiрақ
бiр күнi бiр үмiт оянды,
Бүкiл Еуразияны құшақтап,
миллион жыл ғұмыр кешкен баянды,
Ұлы Татис мұхиты:
- Өлер күнiм таянды,
осы күннiң келерi өзiме де аян-ды.
Қойнымдағы байлығымды,
ендi қайда қоям-ды? -
деп жылағанда,
Тәңiрден дәрмен сұрағанда,
Тәңiрi
қара жердi саусағымен шұқып қап,
осы жерден шұңқыр жасап бергендей.
Сосын оны
ақар-шақар тауларменен өргендей.
Маңғыстау мен Қарақия ойпаты
өмiрге осылай келгендей.
Ұлы Уақыт
мұхитты бөлген кезде сан аралмен,
келер шаққа деген жорамалмен,
бұл жерде өмiр өз әнiн бастады.
Ол әннiң аспаны
шәйдай ашық та болған жоқ,
Өмiр мен өлiмнiң арасы
қашық та болған жоқ.
Өмiр мен өлiмнiң арасы
алыстасын деп шарықтап,
бойына Тәңiрден сұрап шабытты ап,
Татис толқындарының үнiн
әнге айналдырып алып қап,
қорған сап,
арманынан орман сап,
Ұлы Татис мұхиты кепкен кезде,
оның бүкiл байлығы
Маңғыстаудың ойына шөккен кезде,
Сол ойпаңға барып
ата-бабамыз орын тепкен кезге
алғыс айтам мың да бiр.
Сол Татистiң мол байлығын
топыраққа тоқтатып,
ұлы мұхитты
сарнай ескен сардар желге жоқтатып,
Мұз тауларын тас таулар ғып сақтатып,
Бұлақтарын таудан тауға аттатып,
Адыраспанның орманын,
адыр-адырға қаптатып
жiберген.
Содан берi
нелер замандар көштi түнерген.
Үн-түнсiз жатып,
жылдардың тұңғиығына батып,
хабарсыз жоғалып кеткен
ғасырлар көп қой.
Солай ма, айтшы, Уақыт?
Мына аптап желге
қанша ғасырдың көйлегi кептi екен?
Тағы да кiмдер арманда кеттi екен?
Татис сынды ұлылар көп пе екен?
Тарихтың көзiне көрсетпей
өзiнiң шексiздiгiн
олар қайда апарып төктi екен?
Жер шарында дау шығып,
ұлы мұхиттай шексiз ұлттар да таусылып,
Одан су жаңа ұлттар өсiп,
олай да былай көшiп,
қалатындай жетiм,
қайтадан пiшiп картаның бетiн,
таласты кеп,
жер шарына көйлек тiккендей,
сол алып көйлектiң етегi,
бiздi орап барып бiткендей.
Сол таласта бiр ел жеңсiз қалды,
Бiр ел белсiз қалды.
Бiреу төрсiз,
Бiреу көрсiз қалды.
Бiреу жансыз,
Бiреу арсыз қалды.
Ал бiзге астында байлық,
Қашықтығы атпен жүргенге,
бәленбай айлық,
өр құйынды
жер бұйырды.
Одан кейiн де өттi заман не түрлi,
қазақтың да сыбағасы талай рет кетiлдi.
Соның бәрiн бастан кешкен Маңғыстау
көп сөйлеудi ұнатпайтын
ғұлама адам секiлдi.
Ата-баба рухы
тiстiмен тiстесiп,
бiлектiмен алысып,
жүректiмен табысып,
осы жердi уысында ұстап қалған,
оны бет қаратпас аптаппен
тыстап та алған.
Шикiлiктiң бәрiн
сол аптапқа пiсiрiп,
Жеңiлтектiктi
айқай желiне ұшырып,
салмағы барды сақтап,
арманы барды баптап,
жiгерсiздi құмына таптап
мықтыларына ғана бата берген.
Содан берi
қазақтың таңы бұл жерде де
арайлап ата берген.
Небiр сұмдық көшкiндердiң азасы,
тереңдiк пен санасы,
қасиет пен киесi
үркiп келiп,
“Мен – қазақпын!” дегеннiң жүрегiнен
тұрақ тапқан шамасы.
Көкiрегiнде ескi мұң,
Ескiлiгiмен оқытып
ғаламат ойдың кескiнiн.
Көне кiтаптай сарғайып,
Құмын
сенiң мұңыңмен араластырып,
өзiңдi
сарнаған желмен жағаластырып,
Сосын
тып-тымық түннiң көзi саған қадалып,
ойға шомдырып,
Сап-салқын жұлдызымен тоңдырып,
Құйындардағы аңғал қылық,
Иесiздiгiмен таңқалдырып,
Бас бiлмейтiн осы далада сынды
бар мәндiлiк.
Баяғының адамы осы жерге
өзiнiң табан iзiн,
сарғайған жүзiн,
иесiз түзiн,
күлкiсiнiң сыңғырын,
домбыраның күмбiрiн,
ақшыл құмын мың бұрым,
төзiмiнiң тасын,
көз жасын қалдырып,
өздерi жаңа ғана
бiр жаққа шығып кеткендей,
кеткенiне
сүт пiсiрiм уақыт қана өткендей.
Ескi таулардың бұғылы әнi,
көзге бiрден ұрынады.
Жұрт жаңалыққа құнығады,
Бiрақ...
көненi сағынып жүргенiн,
осы далаға келгенде ұғынады.
Аңыздың кейiпкерлерi,
Осы далада әлi де тiрi жүргендей.
Қазақтың табанының
тағы бiр бүрi жүргендей.
Сағыныш деген сезiм
осында жаратылғандай,
Сөйтiп жер шарына таратылғандай.
Келiңiз,
боласыз бұл дүниеге жаңа туғандай.
Бұл далада
ешкiм ешқашан өлмегендей
Уақыттың желi
ешкiмдi де көмбегендей.
Миллион жылдан берi
iздеп жүрген киең сияқты,
мәнiң мен жүйең сияқты.
сен оның иесi емес,
ол сенiң иең сияқты.
Бiз де сарғайып,
жапырақтай күйемiз.
Адамбыз ғой -
бүгiн бар да ертең жоқ,
әлемдiк айналыста жүрген жүйемiз.
Бiз өмiрге
келiп, кетiп жүре берейiк,
Тiршiлiк, БІЗГЕ арқа сүйеңiз!
Тек
аман болса екен,
Туған жер деген Иемiз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу